Қадырсыз

Бұл бетте «Қадырсыз» атты Шаяхмет Қалиұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Аталы сөз айтпасаң,
Даналығың қадырсыз.
Баталы сөз айтпасаң,
Даралығың қадырсыз.
Мейірленіп айтпасаң,
Әкелігің қадырсыз.
Пейілденіп айтпасаң,
Жәкелігің қадырсыз.
Емірентіп айтпасаң,
Енелігің қадырсыз.
Елжіретіп айтпасаң,
Төрелігің қадырсыз.
Сүйіндіріп айтпасаң,
Шешендігің қадырсыз.
Күйіндіріп айтпасаң,
Көсемдігің қадырсыз.
Бадырайтып айтпасаң
Батырлығың қадырсыз.
Ақиқатын айтпасаң,
Ақындығың қадырсыз.
Дәлелімен айтпасаң,
Ғалымдығың қадырсыз.
Мәнерімен айтпасаң,
Ханымдығың қадырсыз.
Былдыр - былдыр айтпасаң,
Балалығың қадырсыз.
Қызығына батпасаң,
Аналығың қадырсыз.
Әділдігін айтпасаң,
Адалдығың қадырсыз.
Ар - ұяттан аттасаң,
Адамдығың қадырсыз.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері