Көрдік

Бұл бетте «Көрдік» атты Шаяхмет Қалиұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Қәперге алып саспаған,
Қайырлы қадам баспаған,
Ананы көрдік тасбауыр,
Қағынан жеріп тастаған.
Қыршаңқы малдай қашаған,
Қылығын тауып тасадан,
Әкені көрдік опасыз,
Отбасын ойран жасаған.
Бересің қалай бағасын,
Тоздырып туған анасын,
Баланы көрдік шикіөкпе,
Әкенің алған жағасын.
Замана қалай алжасқан,
Жамандық қайдан жармасқан?
Атаны көрдік ар кетіп,
Келнімен күнде салғасқан.
Қырғидай тиіп қырқысқан,
Қырмызы бетті жыртысқан,
Енені көрдік кертақыс,
Тарамыстайын тыртысқан.
Аңдысып іштей арбасқан,
Ант су ішіп алдасқан,
Пендені көрдік тұрақсыз,
Адалдық арын шаң басқан.
Көлгірсіп көзге мақтаған,
Көпірме сөзбен оттаған!
Достыда көрдік екіжүз,
Есебін ішке сақтаған.
Ас берсе құйып пейілсіз,
Ісіңе келсе бейімсіз,
Туғанды көрдік туысқа,
Тубастан туған мейірсіз.
Бәрінде көрген мына бас,
Біреге мүмкүн ұнамас.
Сіздерге қайдам, маған шын.
Айтпасам арым шыдамас!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері