Мысыққұмар Диана

Бұл бетте «Мысыққұмар Диана» атты Алтыншаш Жақиянова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

«Үйде мысық бар ма?», — деп,
Сұрап алды Диана.
«Жоқ болса мен кетемін,
Ұнамайды бұл ара».

Әлек салып жиен қыз,
«Соғыс» ашты, сұрама!
«Мысық тауып беріңдер»,
Деп, айғай сап жылады ә.

Көше кезіп іздедік,
Жүре ме ол көшеде.
Көшедегі мысықтар,
Ұнамады нешеме.

Көршінің ақ мысығы,
Бар екенін білеміз.
Сұрап алдық бір күнге,
Ұнаса деп тілеңіз.

Ерке өскен ол мысық,
Қызық өзі болмысы.
Жатырқаған шығар-ау,
Тырнап алды, ой, бұзық!

«Жатқанын-ай үй таңдап,
Же ет, кәмпит, бұл – жаңғақ.
Не жесең де дайын тұр,
Неге мынау бұлданшақ?!»

Ей, ақ мысық, тырыспа,
Сенің мұның дұрыс па?
Жанымда бол бір-ақ күн,
Мысығымнан жырақпын.
Мысығымды сағынып,
Сосын сені сұраттым.
Жүнің аппақ болса да,
Кірін қара құлақтың!
Неге жуып алмаған?»
Деді-дағы жалма-жан
Көтеріп ап мысықты,
Бір-ақ шықты ваннадан.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері