Өлеңдер кетті тұншығып

Бұл бетте «Өлеңдер кетті тұншығып» атты Кәкімбек Салықов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

(Мұқағали Мақатаевқа)

Үзілсе қайран сезім гүл,
Отырғам жоқ оңай боп.
Шаң тастады көгілдір,
Жыр жорғасы топай көк.
Көріп ем сәтті кездерін
Аспаннан жұлдыз алғандай.
Естіп ем отты сөздерін
Аузына Тәңірі салғандай.
Болса да, мүмкін, төр сенде,
Тайсалмай айтар кей сырын.
«Лифте сұлу көрсең де,
«Гәккуің» артық», – дейтұғын.
Аударып еді Дантенің
«Жұмағын» алмай, «Тамұғын».
Өмірдің де жан телім,
Жаяулап көрді жабығын.
Құлшынса кейде ес кіріп,
Еділдің лебі қаулайтын.
Қазақы күйше естіліп,
«Аппасионата» заулайтын.
Өкінсек те, шіркін-ай,
Ол мықтының бірі ғой.
Өлді деген – ілкім ой,
Шырағы өшпес, тірі ғой.
Ақын өлді демеңдер,
Жыры жүр жерде құлшынып.
Жазылмаған өлеңдер
Кетті ғой, әттең, тұншығып.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері