Альбомға

Бұл бетте «Альбомға» атты Қуандық Шаңғытбаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Айыпқа, сұлу, бұйырма,
Ақынның адал шыны үшiн:
Қауышқан қиян қиырда
Қайдағы бақтың гүлiсiң?

Жатырқап неге жасқандың,
Сырың бар нендей жүректе,
Жырысың қайсы дастанның,
Баян ба атың, Жiбек пе?

Алты алып, бестi бермей-ақ,
Алаулай алқап, өртедiң.
Қойсамшы мұнда келмей-ақ,
Дiрiлдеп дене, дертемiн.

Аттанып, мiне, барамын,
Қарай да қарай артыма.
Барамын сорлап, қарағым,
Жарлы да мен боп, жалқы да.

Алыста қалған асыл-ай,
Қоштасу қандай қатал-ақ:
Өтедi-ау кейде осылай
Жауапсыз жақсы махаббат!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері