Қызыл су – Сырбай Мәуленов

Бұл бетте «Қызыл су» атты Сырбай Мәуленов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 2729
Бір өзіне көзді аударып алғандай,
Теңізде ойнап қып-қызыл от жанғандай.
Шығанақта жатыр шалқып қызыл су,
Батар күннің бояуын ап қалғандай.
Ақ шағала — ақ орамал аспандап,
Ақ көбіктен гүл тереді қасқалдақ.
Теңіз ұлы тербетіліп толқында,
Суды еседі ескегімен қос қолдап.
Сүзеді ол судың түбін ақтарып,
Тулап түсіп қайта оршиды ақ балық.
Түркімен қызы көйлегінің түсіндей
Құбыла ойнап қызыл толқын жатты ағып.
Күн де батты, тиді бетке түнгі ызғар,
Жоталарда жанды қызыл жұлдыздар.
Ұғасың ба жағалауға шақырып
Қызыл гүлді оттай ұстап тұр қыздар.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері