Жеңгей әзілі

Бұл бетте «Жеңгей әзілі» атты Ғұбай Әбілев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Өркеш-өркеш астық толы қырманда
Қызық көріп қыр алтынын тұрғанда,
Жеңгей әкеп күрек берді қолыма:
– Бидай тиес, – деді, – қайным, құр қалма.

Жүйрік жеңгей онысымен қоймады,
Тағы-тағы сөзбен шымшып ойнады.
– Жібермейік, – дейді, – мұны, жар сүйіп
Жақсы қызбен жасалғанша тойлары.

Биыл баймыз, той жасашы, қарағым,
Бәрі бізден, тек дайында арағын.
Келіншегің екеуіңнің бір жылдық
Азығыңды өзім алып барамын.

Дән тиеумен бірдей емес жыр жазған,
Шаршасам да жібермеді қырманнан.
– Қырғы ауылда қыруар қыз тұрғанда
Өз айыбың, – дейді жеңгейі, – құр қалған.

Ағыл-тегіл терім кетті моншақтап,
(Лақтырғаным сонда күрек оншақты-ақ).
Ұялғаннан уәде беріп, жеңгейдің
Әзілінен әзер қалдым жан сақтап.

1 январь 1957 жыл


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Ұқсас өлеңдер