Қоянды жолы үстінде

Бұл бетте «Қоянды жолы үстінде» атты Әбу Сәрсенбаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Дала, дала, айдала.
Жол жатыр тартып шалғайға.
Көгалсыз, сусыз айнала,
Жалын жел соғып маңдайға.

Қояндыға тартатын
Тарихи соқпақ аңызы,
Қазақтың таптап арқасын,
Өтіпті патша-тәңірі.

Бұл жолмен, рас, армандай,
Абайдың күңгірт қырына,
Жарқырап таза маржандай
Пушкиннің жеткен жыры да.

Сол жолдың сақтап талшығын,
Тас бағандар қалыпты.
Бай қойнына жалшының
Алтын боп тері тамыпты.

Кім білсін, мынау бағандар
Тасылды екен қанша жыл?
Жыртылып қанша табандар,
Айтылды қанша мұң мен сыр.

Аңсаған алтын ұяны,
Қанша көз жасын төкті екен?
Сыртылдап айыр тұяғы
Қанша мың қойлар өтті екен?

Ұғындыршы бізді, жол,
Жырланды қанша сыр, арман?
Мүмкін сонау тұзды көл
Көз жасынан құралған.

Апыр-ау, неткен көңілсіз!
Бұл өңір жолы шаңытқан.
Әзірге елсіз, өмірсіз,
Тек сағым көшкен алыстан.

Ғибат-ау, күңгірт қабағың,
Жабығып та қалдың ба?
Мұңайма осы даланың
Зор келешегі алдында.

Дала, дала, күзгі іңір,
Жол жатыр тартып шалғайға.
Сәулесін шашып күлді бір
Ақтоғай оты маңдайда.

8 февраль 1957 жыл


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері