Өз бақытың
Бұл бетте «Өз бақытың» атты Тұманбай Молдағалиев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Соққан жел әндетеді, тыншымайды,
Жүзіңді аяз қарып, шымшылайды.
«Бораным ақпандатқан, мұз боп қатқан, –
Табиғат деп тұрғандай, – кім шыдайды?!».
Сұлқ жатыр сырын бермей аңыз – дала,
Аңызы қар бетінде айғыздана.
Осынау өңсіз өңір еркесіндей
Сары жел аңырайды жалғыз ғана.
Шыдамын өркендердің жоғалтқалы,
Ашулы боран да бет қаратпады.
Біз жеңдік.
Ен далада мәңгі өшпейтін
Жарқ етті жас өмірдің жаңа оттары.
Ағызып аянбастан маңдай терді,
Көктемді жастар өзі алып келді.
Қылқиып тың қойнынан тұңғыш сабақ
Келешек жеңістерге шабыт берді.
Көктем деп тас бұлақтар күліп ақты,
Сыбдырлап жас құрақтар үкі тақты.
Оянып ұйқысынан дала бүгін,
Жүректер қуаныштан лүпіл қақты.
Желпісе желдің лебі бетіңді өбіп,
Жаныңды жадыратар көрік беріп,
Бидайдың ырғалғанда жез сабағы,
Күлесің өз бақытың секілденіп.
Біз сүйтіп бақыт таптық бұл өңірден,
Күн болып көкірекке күле кірген.
Жаз көркі жанардағы жалғасып тұр
Туысқан Партиямен, Кремльмен.
15 февраль 1957 жыл
- Бенедикт Спиноза
- Ясунари Кавабата
- Мұстафа Шоқай
- Абай Құнанбайұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі