Қыз – Ана – құдірет

Бұл бетте «Қыз – Ана – құдірет» атты Бақыт Жасқалиева жазған ана туралы өлең берілген.

Аспандағы құс жолындай таралған,
Сан құдірет бәрі-бәрі адамнан.
Арғы жағы Алла болса,
Бергісі
Ана атты құдіреттен жаралған.
Ақ тілегі аппақ қардай бораған,
Ана хәлін ұғынсыншы әр адам.
Тұла бойға «ала жіптен аттамау»
Тек ананың ақ сүтінен тараған.
Болсын дейтін дүние тыныш, жан аман,
Асыл тілек айтылар тек Анадан.
Құдіретті біз алғанбыз теңдессіз,
Жанарынан – аялап бір қараған.
Тіршілікте өркен жайған сала сан,
Өлшемі жоқ Ана күші орасан.
Қарыз демей, уыз берген анамның
Қажетіне қайтып енді жарасам?!
Лүпілдеген ұл, қызым деп жүрегі,
Оны ғалам, көкте Ай, Күн біледі.
Ұрпағыма тыныштық бер, қайырым бер,
Деген дауыс – бұл да Ананың тілегі.
Тіршілікте бәріменен сыйласта,
Болса-дағы үйің бөлек, күй басқа.
Ана болу айналу ғой қимасқа,
Қыз – Ана боп қалу үшін Мирасқа!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері