Досым болшы

Бұл бетте «Досым болшы» атты Бақыт Жасқалиева жазған достық туралы өлең берілген.

Белгісіз мұң билеп-төстеп өзімді,
Қорғасын-ой жұмдырады көзімді.
Иыққа алып бар өмірдің салмағын,
Жүріп келем таяныш қып төзімді.
Белгісіз мұң жан-дүниемді билеп ап,
Берілемін ұзақ ойға үйде қап.
Сәл босаңсып, тағдырыма иілсем,
Тастағысы кеп тұрады шиге орап.
Белгісіз мұң маздаған шоқ табындай,
Тез айналдың көзім жетпес сағымға-ай.
Өмір гүлім, құлшындыршы жүректі,
Көз тұндырар қырдың қызғалдағындай.
Бегісіз мұң. Мен келемін бағынбай,
Керек кезде қайда жүрсің табылмай?
Бәрін қой да досым болшы, өтінем,
Селт еткізер үлбіреген шағымдай...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері