Фудзияма

Бұл бетте «Фудзияма» атты Бақыт Жасқалиева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Осы тауға ағылады кіл адам,
Осы тауда талайлар жүр жылаған.
Жапон біткен Фудзияма тауына
Арылмаққа асығады күнәдан.
Біреу отыр биігінен құлаған,
Біреу отыр қиындыққа шыдаған.
Біреу отыр бар байлықты тәрк етіп,
Бодауына жалғыз перзент сұраған.
Айтты біреу бар күнәсін жар сала,
Біреу отыр ойын салып ортаға.
Ал біреулер күбірлейді бүк түсіп,
Сыртта қорқып батпай жүрген қаншама?
Қолы жетпей ал біреудің шатырға,
Кейбіреудің отырғанын тақырға.
Ал кейбірі қатынынан айрылып,
Абыройын айырбастап бақырға.
Ел тілегі бұлттай болып тұр жылап,
Бұлақ үні естіледі сылдырап.
Фудзияма бәрін естіп тұрғанмен,
Сырға берік үндемейді тұнжырап...
Мен жапондық емеспін,
Қанат қақтым киелі жыр-қиядан,
Мендік қайрат нәр алған ел – ұядан.
Қайнар бұлақ – ақ сезімді сенен ап,
Қуансам да, жыласам да жабырқап,
Ақтарылам ар алдында сені іздеп,
Жыр мен егіз құдірет,
Жыр мен егіз құдірет – Фудзиямам!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері