Тағдыр

Бұл бетте «Тағдыр» атты Бақыт Жасқалиева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Тағдыр атты бір сотқар әйдік қылық,
Ақтығымды басынып билік құрып.
Шат көңілдің кемесін быт-шыт қылып,
Айдынында арманның адастырып,
Жүрегімді жіберді шайлықтырып.
Өмір – тағдыр күң етті ой бақтырып,
Қайсарлығым қойғандай қой бақтырып.
Толқыныңда сүйреген жүре бердім,
Төзімімді қару ғып сайлап тұрып.
Жақсы кездің жаршысы – алдағы үміт,
Жүрегімде ақты ағын жайлап тынып.
Қанша жүрем тағдырдың сарсаңында,
Қайрат қылдым жүзуге қарсы ағынға,
Талмаусырап тоқтадым толқын көміп,
Айқайлаған үндерім жанға жетпей,
Көз жасымнан көбейіп теңіз суы,
Батып барам дауылдан шаршадым да.
Сол кездерде жыр-шабыт дем берді де,
Толқынды көкпар еттім өңгердім де.
Жабырқаған көңілді алып шықтым,
Таптап өтіп шың, құзды, сеңдерді де,
Жанып тұрса жанымда жыр-алауым,
Жақсылықты серт қылып баршаңызға.
Жыр қанатын жаям да көл-көсір ғып,
Бір қияға шығарам,
Бір қияға шығарам – сендерді де!!!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері