Мезгіл және махаббат
Бұл бетте «Мезгіл және махаббат» атты Бақыт Жасқалиева жазған махаббат туралы өлең берілген.
Ақ мамықтай жердің беті ақша қар,
Киін жеңіл, шаңғы теуіп тауға бар.
Шықты аңшы құс қондырып қолына,
Болғаннан соң көптен күткен қансонар.
Ақ тілектей орамалы анамның,
Аппақ боран күйі дерсің бабамның.
Жон-жон етіп қар тоқтатқан трактор
Елестетті ақ егісін даламның.
Кім айта алар бұл ғажапты бекер деп,
Қыс қытымыр, суық-ызғар екен деп.
Аппақ күміс сықырласа сыртта аяз,
Елеңдеймін пәк көңілмен,
Менің саған махаббатым,
Менің саған махаббатым екен деп!
Нұрын төккен күн көзінен балбырай,
Сылдыр қағып аққан бұлақ – домбыра-ай.
Көкке тойған қой бастаса ақ серке,
Қозы-лақтар ілеседі маңырай.
Құс даусынсыз сарғайып таң атпаған,
Қырда қызыл қызғалдақтар қаптаған.
Еңбек күйін күмбірлетіп жатқандай
Қырдың жонын тракторлар таптаған!
Кім айтады бұл жайларды бекер деп,
Гүл көктемде жалықтырар екен деп.
Табиғаттың мың айналдым бұл сәтін:
Менің саған махаббатым,
Менің саған махаббатым екен деп!
Еселі еңбек, қайда мейлің қарағын,
Жан біткендей шалғын майса алабың.
Жүр ғой шешіп ақ көйлегін сәлде ғып,
Мұрат аға баптап күріш танабын.
Жаймашуақ жазда атар алау таң,
Көк алқапқа жалықпаймын қараудан.
Ала қарбыз желісіндей ұзарған,
Жап-жасыл боп түске енеді мынау маң.
Кім айтады бұл ғажапты бекер деп,
Қырға шық та көңіліңді көтер тек.
Жаздай жарқын,
жаздай ыстық жүрекпен,
Ақ сағымды көк жиекке көз тігем,
Махаббатың мәңгі болса екен деп!..
Дегендей бір көгім күңгірт болмасын,
Мол ырыстан ел үлессіз қалмасын.
Бағбан ата ұсынады қуана,
Қызғылт күрең балдай тәтті алмасын.
Кім айтады осы жайды бекер деп,
Күз ызғырық, жер де лайсаң екен деп.
Ел ырысы ақ бидайға қараймын,
Сен қарасаң ол қарамас бөтен деп.
Саған жазған бұл жырлардан ұққайсың:
Менің саған махаббатым,
Менің саған махаббатым екен деп!..
- Уильям Шекспир
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі