Нан және ұлым
Бұл бетте «Нан және ұлым» атты Бақыт Жасқалиева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Бірде келсем жүр екенсің ақ нанды теуіп доп қылып,
Сәбилік қой, еркелік қой, көрмегендік, жоқшылық.
Ашуға есті алдырып жағыңнан тартып жібердім,
Сен жыладың түсінбей Анаңнан көріп жат қылық.
Бауыр быт-шыт, езілді жүрек жылаған даусыңнан,
Сен қымбатсың, құлыным, жүрегімді ұқшы алқынған.
Өзегі сенсің өмірімнің өртеніп тұрған Анаңның,
Сен дегенде кезі бар ма,
айтшы, құлыным, тартынған?!
Аңсарлым-ау, айналайын, бауыр етім, жан балам,
Ойын-күлкі, бәрі әсем, жарық болсын айналаң.
Бірақ сол нан келген жоқ қой азапсыз, еш күрессіз,
Бұл күн үшін білмейсің ғой қанға толған сай-салам.
Түсінші өзің сен доп қылған бір түйірі ақ нанның,
Бабалардың қол жетпеген биік шыңын барлар кім?
Ұқшы, жаным, елгезектеу менің ботам аңғал тым,
Ойың сірә жетер ме деп көп ойланып, сандалдым.
Білмесең біл, бір сәт ойлан, неге басы шабылды
Елі сүйіп құрмет тұтқан Махамбеттей тарланның?!
Бір көзі жоқ, бір қолы жоқ, бір аяғы темірден,
Аталарым күндіз-түні тер тегіп,
Ақ нан үшін өтті білсең өмірден.
Ей, молшылық, ей, нұрлы күн, ақ таң болып атарда,
Ақ нан іздеп қанша халық шықты білсең сапарға?
Жалғыз қолын көкке жайып,
Құлындарым көрмесін деп соғыс өртін Отанда,
Нанға зар боп жүрмесін деп жер басып,
Отыратын бата оқып күбірлеп
Күн еңкейіп қырдан асып қып-қызыл боп батарда.
Тап өзіңдей өрімдей жас талат мінген балалар,
Аға, іні, қарындас пен қырма сақал ағалар.
Жалаң аяқ шөл далада бір үзім нан
қайдан тапсақ екен деп,
Өлді олар, оған куә даладағы тас үйілген молалар.
Кино көріп, батыл жандар секілденіп,
кәдімгі сен елтесің,
Атыс, шабыс тұтатады жүрегіңнің білтесін.
Қанын төгіп қорғап қалған осы ақ өмір, ақ нанды,
Түсінші өзің, сол Әлия, Мәншүк пенен Талғаттар
Қырып салып шығармап па ед(і)
фашистердің мүрдесін!
Қолы шолақ, аяғы кем кәдімгі сенің атаң да,
Ей, нұрлы күн, ей, молшылық аман бол деп жатарда.
Айналаңа көз жіберсең, тағы да сен көресің
Арлылықтың, адамдықтың, қайсарлықтың
не бір батыл төресін.
Тірлік нәрі, көңіл сәні –
ақ нан үшін тың көтерді бар адам,
Отаным сол ақ наныңнан ақ арманға,
ақ торғынға бөленсін!
Нан өсірген, нанды күткен ерім қазір қатарда.
«Нан ұрсын!» деп қарғыс айтар
Елге қиянат жасағанды қарғыспенен атарда.
Айналаңа көз жіберіп тағы да сен пайымда,
Бүгін тыңдар ән мен күйің бәрі ақ нан жайында.
Нан жоқ болса, жаутаңсиды ләззәті мол дастархан,
Берекесіз, дәмсіз болар нансыз сойған малың да.
Қонақ келсе, несібе деп ойын-сауық құрады,
Бойжеткендер қарсы алдынан нан-тұз алып шығады.
Болды уайым айтқанымды қайтсем балам ұғады,
Жақсылардың жақсылығы қашан бұған жұғады?
Кешір менің құлынымды, о, қасиетті қара жер!
Кешір менің ақ ботамды, о, киелі қара нан!
Жас қой әлі қатпаған бұғана мен бұғағы.
Бірақ мәңгі есіңе тұт:
НАН, АР, НАМЫС – КИЕНІ,
Оны аттаған адамдарға обалдың
ерте, кеш пе, ақ таяғы тиеді!
Сондықтан да қорлай көрме кие-құдірет нан деген,
Нан бар болса, айтылады ән деген.
Тартылады күй қалықтап аспанда,
Оқылады тойда өлең.
Байқаусызда балалықпен басып кетсең сол нанды,
Сенің осы қылығыңнан өрескел
тұла бойым дірілдеп,
Тоқ соққандай болар, балам, жан-денем!
- Уильям Шекспир
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі