Махаббат

Бұл бетте «Махаббат» атты Бақыт Жасқалиева жазған махаббат туралы өлең берілген.

Шарасыз халде кейде сен –
Көзіңнің жасын бұларсың.
Махаббат қайда бар ма деп, –
Ашына менен сұрайсың.
Менің де жаным жарасы,
Ісімнен өзім өкінем.
Тек махаббат жоқ дей көрме,
Айтпағын досым екеуміз,
Тағдырдың көрген талқысын,
Өмірдің өткен отынан.
Махаббат неге болмасын,
Арқауы ол – өмірдің,
Сәулесі ол – көңілдің,
Шырағы ол – тілектің,
Тұрағы ол – жүректің.
Махаббат неге болмасын,
Ол жарың және жолдасың,
Қайратың, күшің қолдасын.
Махаббат бізге күш беріп,
Махаббат бізді қорғасын.
Махаббат аспан, жарық күш,
Тағдыр, өмір сан қилы,
Жеткен бірде ағыспен,
Сыңарын ойлап күн кешкен,
Істеген істі нар күшпен.
Егіліп жаны ойласын,
Махаббат неге болмасын.
Махаббат күні тереңде,
Махаббат мәңгі сөйлейді.
Елп еткеннен қызып қап,
Жалп еткенге ол сөнбейді.
Қалдырған бізге мұра ғой,
Махаббат мәңгі өлмейді.
Тірліктен күйбің жетелеп,
Өрлетпей өрге тынбайды.
Жансебіл жандар айтатын
Желбуаз сөзге қыңбайды.
Ол мөлдір таза жап-жарық,
Хрусталь деме сынбайды.
Ауыртпайды еш жерің,
Жай таптырмай сыздайды.
Бала-шаға, жан-күйің,
Әлекке сап бұзбайды.
Жақыннан көрсең жат қылық,
Сен үшін қатқан мұздай-ды.
От пен суға қатар сап,
Төзіміңді шыңдайды.
Өмірде көп қой тәтті үміт,
Біреуге – жігіт, қыз – қайғы.
Махаббат мәңгі қонғандар,
Мыңдаған жандар ішінен
Көреді жалғыз біреуді,
Сәт сезімнен қызбайды.
Ол үшін даусың күміс күй,
Барымен елтіп тыңдайды.
Салмайды қырау шалса да,
Болса да енші батыл іс,
Алдыңда сенің абдырар,
Көргендей жаңа шын айды.
Жақсы ісіңе жаны еріп,
Қуанып, серпіп жырлайды.
Қате бассаң сен үшін
Жабырқар жаны сырнайлы.
Саған айтқан тола өсек
Жүрегін оның тырнайды.
Кездейсоқ саған қатерде,
Ойланбай-ақ өзі де
Басын тікпей тынбайды.
Мыңдаған оның қыр-сыры,
Сезбесең сөзге симайды.
Бір ұғып мұны, мың түсінбей,
Жаныңды жарты қинайды.
Уақыт бір қатал қытымыр,
Ал жүрек мәңгі солмайды.
Ойланбай айтпа, досым-ай,
Махаббат неге болмасын,
Ол – құдірет, періште,
Ол – ақ шуақ, алтын құс,
Кез келгенге қонбайды.
Ұшырған оны қолынан
Тірлікте сірә оңбайды.
Айтып-айтпай не керек,
Бәрінен де өмірде,
Сол – бақыт, құрбым,
Сол – қайғы!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері