Болсам деуші едім

Бұл бетте «Болсам деуші едім» атты Бақыт Жасқалиева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Арманға құлаш ұрарда,
Қырағың болсам деуші едім.
Шыңға өрлеп самғап ұшарда,
Шырағың болсам деуші едім.
Мақсатты өмір жолында,
Өткелің болсам деуші едім.
Енжарлық, қарау, ынжықтық
Төккенің болсам деуші едім.
Тасытқан сенде ізгілік,
Қайратың болсам деуші едім.
Бәйге асып келер сәйгүлік,
Тойда атың болсам деуші едім.
Ақ таңдай аппақ арыңнан,
Қайнары болсам деуші едім.
Жетпеген сенде жалынның
Қайнауы болсам деуші едім.
Айныса сенен бақ-атақ,
Тіреуің болсам деуші едім.
Жабығып жалғыз қалған шақ
Сүйеуің болсам деуші едім.
Бірақ маған тірек болар іс түспеді әлі күн,
Әу бастан-ақ сені менен әлді етіпті Тәңірім.
Сені менен озық етіп жаратса да Жаратқан,
Бірақ маған неге осы түспей қойды жарығың?
Білсең-дағы жылдар жазған жаралардың көптігін,
Бірақ әлі басылмапты баяғыдай екпінің.
Екеумізді сарапқа сап қарар болса мына жұрт,
Сенен гөрі, шыны керек, әлдеқайда тектімін.
Екеуміз де екі жақта өзімізше болдық паң,
Қыздың жолы жіңішке деп болмадың сен жолды ұққан,
Талай сынды ағыстарда сағынышымды қайық қып,
Саған деген ашуымды алып қалғаным сондықтан.
Сені ұмыту қиын маған, сен ұмытып кетсең де,
Қыстан шықтым көп қиналып, әзер жеттім көктемге.
Неге тұрсың солғын тартып қайда кезің от шашқан,
Найзағайдай жарқ етші бір қолым әрең жеткенде.
Қайда сенің жұпар иісті қоңыр салқын самалың,
Басыңды изеп, қарап тұрсың таусылғандай амалың.
Әттең бірақ, естен шықпас деп айтқаның «қарағым...»
Амал қанша енді сенен мен де алыстап барамын...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері