Жаз мінез жайсаңдарым

Бұл бетте «Жаз мінез жайсаңдарым» атты Бақыт Жасқалиева жазған табиғат туралы өлең берілген.

Ей, адамдар,
Өр мінез асқақтарым,
Гүлге айналтқан құм жолдың тастақтарын.
Сен қиядан қол созып жетелесең,
Ере бергім келеді тастап бәрін.
Ей, адамдар,
Жаз мінез жайсаңдарым,
Сендер деп от кешуден тайсалмадым.
Бірге жүрген өзіңмен неше жанның,
Қарауларын тезге сап бор еттің де,
Шыңға асқақ шығардың қайсарларын!
Ей, адамдар,
Қамқоршым қарапайым,
Тәнті саған тап қазір бала – қайың.
Ақыл-ойдың бестісін ерттеп мініп,
Құшағыңды аш, мен келем дала сайын.
Ей, адамдар,
Аға-іні бауырларым,
Кейде ашық, кейде қарлы жауындамын.
Сендерменен айтамын іркілместен,
Қалсам да алай-дүлей дауылда мың.
Сенім жүгін арт маған күліп қарап,
Барармын алыс демей ауылдарың,
Себебі байланысқан қауымдамын!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері