Абайлап кеп

Бұл бетте «Абайлап кеп» атты Бақыт Жасқалиева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

О, адамдар,
Құдіреті күшті ғаламда
Сен жойқын күш, сен ғажайып,
Сен ақ сәуле, сіңген солай санамда.
Мен сендердің мейіріңмен тек көктеймін,
Әлем тыныш тұрса осылай әмәнда.
О, адамдар,
Бәрі сенің шараңда,
Пасықтар жүр, зұлымдар бар,
Жағымпаз бен бар қараулар араңда.
Ақ пейілді өр ерлерің қаншама,
Аты әйгілі болған барлық ғаламға!
О, адамдар,
Бәрі сенің еркіңде,
Жабығуым менің таза күлкімде.
Шаттандырсаң өңіме нұр жүгірер,
Ал қайғыртсаң,
Самайыма ақ түседі бір түнде.
О, адамдар,
Айналайын адамдар,
Сен арқылы жасалады
сәтті-сәтсіз қадамдар.
Бар істе де ет әділдік
Табиғаттың өзіндей,
Озық ойлы шықсын алға,
Қалсын артта шабандар.
О, адамдар,
Мен бір сенің балаң да,
Әлсіз едім демеп жібер,
Күт, аяла мен үшін аз алаңда.
Қатыгезденсең
Суық шалған гүлдеймін,
Жылы лебіз,
Ақ пейілді көңіл бер,
Жомарт деген
Атқа ылайық боп одан да.
О, адамдар,
Бауыр етім адамдар,
Бірде мақтап,
бірде даттап жамандар.
Ұшқын едім,
басса көрік от шашар,
Абайлап кеп,
отты үрлеп қараңдар,
Қайсысың да санаң бар,
Ақылдан туған жақсыны
Ақылсыз мыңға балаңдар!!!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері