Асылбекке

Бұл бетте «Асылбекке» атты Бақыт Жасқалиева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Тоңып қалсаң суықта,
Тоның болғым келеді.
Жеткізбейтін жуықта
Жолың болғым келеді.
Ой жүгіртер санаңда
Ақыл болғым келеді.
Қорытып айтсаң бабамша,
Нақыл болғым келеді.
Арман етсең қия-шың,
Тауың болғым келеді.
Сезім нәрін құятын
Жауын болғым келеді.
Сен шомылар айдынды
Көлің болғым келеді.
Жақсылыққа құмартсаң,
Шөлің болғым келеді.
Өлең айтсаң, сен салар
Әнің болғым келеді.
Тал бойыңа жарасар
Сәнің болғым келеді.
Көз қуантар үлбіреп,
Гүлің болғым келеді.
Сен алаңсыз ұйықтайтын
Түнің болғым келеді.
Сәбисің ғой әлі ерте,
Өмір – жұмбақ шеш күнім.
Тағдыр сені қуантсын
Қуантқандай күн сайын
Сабақта алған бестігің!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері