Ақ тілек

Бұл бетте «Ақ тілек» атты Бақыт Жасқалиева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Түсім қара, өзім сәнсіз болғанмен,
Жүрегім ақ,
Жүрегім ақ, ант бере алам оған мен.
Куә етем күн, жер, әлем, ақ нанды,
Арман тауды, мөлдір бұлақ, тоғанмен.
Қыпша белді, қаз мойынды емеспін,
Жүрегім ақ, сол үшін дос демес кім.
Шын дос болсаң бір көтеріп өтемін
Өмір салған бар ауырды өзіңмен,
Тек сен үшін маған да ауыр демеспін.
Аппақ жүрек, аппақ сезім, жан да аппақ,
Ақ тілекті өтем мәңгі ардақтап.
Ауырыңды арқала да қарап тұр,
Дос көңілін көргің келсе салмақтап!
Ақ сағыныш, ақ нұрлы наз, ар да аппақ,
Шаштарым ақ, жаңа түскен қар да аппақ.
Дос көңілі қажет жерде хабар бер,
Қайғы бұлты басса өзіңді жан-жақтап.
Күн нұры ақ, аспанды әлем, ай да аппақ,
Жақсылықтан өтер жылу тармақтап.
Қажет десең кеудем тосам пышаққа,
Әйтеуір тек, кете алмаймын арды аттап.
Мен өзім бір ақ сезімнен туғанмын,
Сағынышымды ақ жаңбырмен жуғанмын.
Ақ тілекті енші етіп мәңгіге,
Екі ұдайлық арамдықты қуғанмын.
Ақша бұлтты ақ арманым екен деп,
Аппақ үміт, ақ сеніммен жетем көп,
Бір жақсылыққа жетсе қолым біліңдер,
Ақ тілегі – қабыл болған,
Ақ тілегі қабыл болған екен деп!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері