Ініме тілек

Бұл бетте «Ініме тілек» атты Бақыт Жасқалиева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ақ боранда түтеп жауған ызғырық,
Ұлпа қарды құрығыңмен сыздырып.
Жылқы бағып
құла түзде жүрсің бе өзің, қарағым,
Жастығыңның қызуымен
жапан даланы қыздырып?!
Сықырлаған аязда, сар далада
Торқасқаңның ізі қарда қала ма?
Жылқы бағып
жапан түзде жүрсің бе өзің, қарағым,
Жастығыңнан жалын лаулап санаңа?!
Серік болып атаң, апаң, ағаңа,
Інілерді алып асқар панаңа.
Жылқы бағып құла түзде жүрмісің,
Ержеткеннен сенделгің кеп далаңа.
Сан асаудың бұғалық сап мойнына,
Өз күшіңе көңілің бір сәт тойды ма?
Кеште қоста күмбірлетіп күй шертіп,
Алда өмір сұрақтарын қойды ма?
Жеңіл жұмыс, тыныш жерді іздемей,
Ақпан боран, жаңбыр, суық, күз демей.
Ата – кәсіп жылқы бағып
жүргеніңе мәз болып,
Сар даланы серік қылып, түз демей.
Келген жоқсың бұл өмірге жоқ қарап,
Күндеріңді күйкі өткізбе соқталып.
«Ойламаса ой сасиды» деген бар,
Кессе арнасын өзендерде тоқталад(ы).
Асау – Өмір
Кетпес үшін өзіңді ертең жығып сап,
Ұшқын атып жан-дүниең
лаулап осы шағыңда
Қайратыңмен қаусатқандай асауды,
Ар-намысты серік қылып ақылға,
Тағдырды да алғаның жөн,
Тағдырды да алғаның жөн ноқталап!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері