Ардагер және Тәуелсіздік

Бұл бетте «Ардагер және Тәуелсіздік» атты Бақыт Жасқалиева жазған тәуелсіздік туралы өлең берілген.

(80 жастағы ата-әжеге арнаймын)

Жаңа өмірдің мәнін, жөнін бала жастан ұғынған,
Жиырмасында кек-ызасын бостандық деп суырған.
Осы өмірді орнатқан жан
әлі де жүр арамызда, ей, адамдар,
Уақыт атты мейірімсізден өтуге аттап қол болмай,
Түсе жаздап тұғырдан.
Жаңа өмірдің бар жақсылығын алға мақсат,
арман ғып,
Бұл күресіне түскен от боп,
отырмай-ақ жанды аңдып.
Арамызда Алатау бір, шашы соның ақ қарындай,
Жүр ата-әже ақ тілегін келешекке ұшырып,
Тәулсіздіктен кетсе екен бодандықтан қалған бұлт.
Осы өмірдің іргетасын қолмен қалап тұрғызған,
Осы өмірдің азабында айрылған-ды ұл-қыздан.
Бар салмақтан өмір салған бүгілердей өр кеуде,
Жүр арада ата-әжеміз еркіндіктің кемесін
Ұрпағына бұрғызған.
Жаңа өмірді жайнатуға сарп қылып жастығын,
Бір ортаға бас боп қосып, мол дүние астығын.
Оққа төсеп бар болмысын кешегі Отан соғыста,
Жеңемін деп барын салған фашист иттің қастығын.
Жаңа өмірді жайнатуға салып күшін, жігерін,
Сол ақ жолда ту ғып ұстап аппақ үміт – тілегін.
Тек солардың арманының асқарындай бейбіт күн,
Жаңа ұрпақ, нәр алып сен тек солардан түледің.
Елге түскен бар қасірет тілді олардың жүрегін,
Ауыр қаза түскен жұртқа құлатардай тірегін.
Жуық арада ата-әжеміз қонақ бізге, ей, адамдар,
Түсіне алсақ бұл қимастық, бұл сағыныш, міне мұң.
Күндерінің көбін қазір үйде отырып өткізіп,
Өткен жылдар естелігі қабырғасын сөккізіп.
Ел боздағын жоқтап жылап аһ ұрған,
Жанарынан кекті жасын төккізіп.
Тұрған кезде күй күмбірлеп даламда,
Шүкір дейік мына нұрлы заманда.
Шыққан-батқан күн-түн деп бір заңдылық,
Ешкім қарсы сөз айта алмас өктемсіп,
Кәрілікте бір қасірет – ғаламда.
Таяқ таянып қалт-құлт басқан
Қартты көрсең, ей, адамдар,
Өтпе алдынан, бар жанына,
Қолын ал оның бас иіп.
Кәрі емес олар, тірі шежіре – от өмір,
Уақыт – ажал бір күн алып кеткесін,
Тәнті болып іздейсің сосын жанарыңа жас ұйып!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері