Тәуелсіздік таңы
Бұл бетте «Тәуелсіздік таңы» атты Бақыт Жасқалиева жазған тәуелсіздік туралы өлең берілген.
Тәуелсіздік таңы – ашық аспан, жарық күн,
Ерен ерлік, ұлы істер мен шабытты үн.
Сан ғасырды артқа тастап келіпсің
Сан ғасырдың толғағынан,
Сан ғасырдың толғанынан – халықтың.
Бір қапастық алған кезде бетін торлап жарықтың,
Бір надандық жайлағанда парқын білмес нарықтың.
Тәуелсіздіктің ұлдарының сен ақылына от беріп,
Қайсарлыққа қайрат қосып, күш-жігерін жаныттың.
Жеткен шегі, бітіп төзім, жадау-жүдеу арықтың,
Шартараптан демеу беріп бір-біріне салыпты үн.
Қызған темір дәл соғылса жөн табар,
Тәуелсіздік, қасиетіңді келер сенің дәл ұққым.
Заман атты тудырып сен анадан,
Қайрат атты Ер шығардың арадан.
Бар халықтың бағы үшін туды Алаш,
Ел басқардың жиылған сан – қарадан.
Көк туымыз көкте тұрған желбіреп,
Бір кезегім енді менің келді деп.
Алақайлап аспанға атты бөрігін,
Тәуелсіздік күнін қазақ көрді деп.
Тар жол, тайғақ кешу берген қуатты-ай,
Құм шөлдерге таза бұлақ су ақты-ай.
Жер серігі жұлдыздармен достасты,
Қонақ етіп берді төрін жырақта Ай.
Тар жол, тайғақ кешуде өтті ай-күндер,
Қанат байлап сан қияға талпынды Ер.
Тәуелсіздік шұғыласынан нәр алып,
Жаңа адам келді өмірге о, Тәңірім, қарқын бер!
Жан-дүниесі ізгілікке малынып,
Ел-жұртым деп ардан алқа тағынып.
Қиын кезде өткел болып тіл-білім,
Ұлттың қаны тамырында ағылып.
Кешегіден көш ілгері бүгінгім,
Жаңа өмір құрудамыз жабылып.
Тар жол, тайғақ кешуде сан шыңдалып,
Бой түзеп бір жас сұлудай ырғалып.
Тәуелсіздік таңы атқанда арайлы,
Еркіндігім барады әне туды алып!
Сұр заманда бұлт кетпеген басынан,
Жылдарыңда достарың аз, қасыңнан.
Тәуелсіздік, пайда болдың ба екен сен
Әжелердің өксігінен ашынған?!
Өктем қорлық пайда көріп малынан,
Жар құшақтың таттырмаған балынан.
Сұр заманға мәрт өліммен от тастап,
Ғасырларға махаббатын серт қылған,
Тәуелсіздік, нәр алдың ба екен сен
Қозы – Баян, Еңлік-Кебек қанынан.
Ақан зары, шарлады аттың дабысы,
Құлақ түрген дос-жараны, алысы.
Жетер жерде жете алмаған сөреге,
Тәуелсіздік бізге ұшырып жіберді ме
Арманда өлген – Құлагердің шабысы?!
Жас сұлудың аңсап салған әні боп,
Күлкісінен күндері мол зары көп.
Тәуелсіздік, тездеп бізге келдің бе,
Сара апамның айта алмаған әні боп?!
Арманының ақша бұлттай ары боп,
Жігерліге күш бергендей жаным-от.
Елім, жұртым деп өмірім сендерлік,
Опат болған ерен істің жолында,
Тәуелсіздігім, келдің бе өзің күш берер,
Алашымның армандаған жолы боп!
Сұм заманның татып уын жасынан,
Қорлық, күңдік, таяқ кетпей басынан.
Тағдырына нала айтқан жас төгіп,
Қайғы көріп ерте ағарған шашынан.
Ана сүтін көкке сауып ақ тілекпен тілеген,
Ұл-қызымды жеткізші деп мұратқа,
Ана тілек қалт кетпейді деуші еді,
Тәуелсіздік, пайда болдың бе екен сен
Сан ғасырда Аналар айтқан тілекпен,
Сан ғасырда Аналардың аққан жасынан!
- Уильям Шекспир
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі