Анар
Бұл бетте «Анар» атты Тұрсынхан Әбдірахманова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
(Қырым аңызы негізінде)
О, жарандар, қараңдар, тас жылайды,
Тас жылайды аһ ұрып, жас бұлайды.
Қаттылықтың белгісі қара тасты
Қара түнек қаптады, басты қайғы.
…Тас жылады, қара тас қансырады,
Тас жылады, ал қайтып жан шыдады!
Ақ алмасты мұқалтқан меңіреу тас
Ақ тарыдай иленіп, жаншылады.
О, жарандар, қараңдар, тас жылайды,
Тас жылайды, егіліп жас бұлайды.
Қаттылықтың белгісі қара тасты
Не мүжіді, неліктен басты қайғы?
I
Тас дегенім, жарандар, тастай адам,
Мəнін айтпай қалайша тастай алам.
Қызыл тілім көсіліп көр кəнеки
Шығарайын жылаған тастан адам.
Шығарайын жəне де адамнан тас,
Хикметін айтайын адам нанбас.
Баяндасам бар кебін тас адамның
Тастан оны еш пенде айыра алмас.
Нəсілі оның Қырымның татарынан,
Қаттылығын асырған қатарынан,
Қырымгерей есімді хан өтіпті,
Тітіреген аймағы қаһарынан.
Қырғын салып, қан кешіп таққа келді,
Қай уақытта мұндай хан баққа келді!
Хан əкелген қырсық – сор өрттей өршіп,
Ел иығы езілер шаққа келді.
Халық қамы қашаннан бүтін еді?
Ханнан мейір ел қашан күтіп еді?
Аждаһадай ысқырған осы ханнан
Халық түгіл, қара жер тітіреді.
Көрінуден Герейге күн де қашқан.
Түнермеген сəті жоқ қабақ ашқан.
Адамдықпен алысып ата жаудай,
Қаттылығын асырды ол қара тастан.
«Герей» десе дəн семіп қауыздағы,
Аңыз болды Герей хан ауыздағы.
Керегенің көгінен бойы келген
Ер баланы көгендеп бауыздады.
Болады деп күні ертең бақталасым,
Қырды осылай елінің жас баласын.
Жүрегінен адамның таспа тіліп,
Сүйегінен салдырды баспанасын.
Тіршілікте мағына қалмай тірек,
Қырым елі қарғады ханды жүдеп.
Қан шеңгелдеп анадан туған бейбақ.
Бар деймін адамдық десті жүрек.
Тас десеңіз одан да үн шығады,
Темір десең, одан да шың шығады.
Осы ханның жүрегі киіз болар,
Киіз ғана меңіреу тұншығады.
Осылайша елінде шығарған ат,
Шавхат, мейір дегендер Герейге жат.
«Киіз жүрек, қара тас Қырымгерей»
Аңыз болып əлемге кетті тарап.
Ал қаһардан қайтпады Герей тіптен,
Азбанқұлға айналды еркек біткен.
Бір ісінен асырды бірін Герей,
Желге кетті үміттер онан күткен.
Алдырылып гаремге сұлу біткен,
Амалы не соларды азбан күткен.
Ыза болып қалпына, қасақы іске
Не бір өрім қоштасты тіршілікпен.
Осындайда ауырлап адам жүгі,
Таразыда тұрмай ма адамдығы.
Су бетіне төгілген қара майдай
Көлкіп шығар лезде жамандығы.
Асып кейде Герейден қабандығы,
Əйгі болып ханына «адалдығы»,
Азбанқұлдан шығыпты сақ құлақтар,
Қайғысы – тек ішер ас, амандығы.
Хан ордасы өзі бір жатқан қала,
Алуан сарай, əртүрлі шеберхана.
Мəуелі бак, май гүлі, мөлдір бұлақ
Бұратылып ағады күліп қана.
Түйір шаңсыз көк шалғын ұйысады,
Жалғыз аяқ құм сүрлеу қиысады.
«Ізгілікке ғана орын болатын жер,
Зұлымдықпен қалайша сыйысады».
Деп ойлайсың ішінен, амал бар ма
Мекен бопты бұл аймақ қабандарға.
Ар билемей адамды, бар билеген,
Қолдан құдай жасалған замандарда.
Ортасында орданың биік сарай,
Салдырыпты шеберді жиып талай.
Хан көңілі табылу қиын болып
Бітті-ау қыршын желкені қиып талай.
Бұл сарайдың дейді екен атын Гарем,
Сарай емес, мен мұны түрме дер ем.
Көзі түсіп, көңілі ауып жүрмесін деп,
Терезесін салдырған кенереден.
Қамалдай бар қабырға биіктігі,
Өзінше бар оның да тұйық сыры.
Бір-біріне көз болып есік біткен,
Бірін өтеді қиғаштап, қиып бірі.
Сарайда бар əртүрлі алпыс бөлме,
Қайсыбірі малынған алтын зерге.
Алдырылған əр жерден арулардың
Мекені бұл Герейге болған пенде.
Дəл жанында бір биік мұнара бар,
Бөтен білмес бөгде сыр мұнда да бар.
Жылында бір мəртебе ең əдепті
Сұлу шығып аймаққа көзін салар.
Деп аталған ол қыран мұнарасы,
Қыранға ұя шынында ұшар басы.
Қан мен терін адамның тоя жұтып,
Содан шұбар болғандай əрбір тасы.
Бөлме сайын төрт əйел сағы сынық,
Қабағынан біреуін біреуі ұғып…
Азбанқұлдың алдында мысық тайын
Жорғалайды сорлылар тізе бүгіп.
Көн тулақтай тырысқақ, пейілі тар,
Жылан жүріс, зымиян Азбанқұлдар.
Надзиратель секілді, əйелдердің
Тындырарын анықтап, сол ұқыптар.
Жарығы аз бөлмеде ала көлең
Біреуі зер тоқиды, бірі кілем.
Көздің майын тауысып, қазықтай боп
Отырады байғұстар қалмай рең.
Қыбыр етсе Азбанқұл сұс қылады,
Жеген асын желкеден құстырады.
Сегіз өрім, бұзау тіс арқасында
Ирелеңдеп, жыландай ысқырады.
Отырмасқа сондықтан амалы жоқ,
Ханға ұнаған аз күнгі заманы жоқ.
Бір төсеніп тастаған болды көрпе,
Көз жасынан өзге айла табары жоқ.
Еркін жылап төге алмай көздің жасын,
Амалы не қу тағдыр қор қылған соң.
Торықтың деп ажалсыз жан шықпайды,
Алған артық Азбанқұл ықыласын.
Міне, осындай ордаңыз қып-қызыл өрт,
Жанап кеткен жанына табады дерт.
Қап, əнеки дүлей күш тастады отқа,
Ақ балапан аяусыз болар ма мерт!
Үрей ұшты, көз тұнды, құлақ у-шу,
Жау келгендей жасанып, көтеріп ту.
Дүние тегіс селк етіп шошығандай,
Теңіз аунап бүктеліп, шулады су.
Тұнжырады асқар тау өр кеуделі,
Ақ қайыңдар тұншыға мөлтеңдеді.
Ұясына құс сүңгіп, аңдар қашып,
Аспан асты тұрғандай өртенгелі.
…Дауылдатты найзағай шатырлады,
Соғысқандай аспанның батырлары.
Қарғыс біткен атылып бұршақтайын,
Орда үстіне төгіліп жатыр бəрі.
Құзғындардың айналмай олжасына,
Айығар ма түнерген сор басына!
Тағы да бір тағдырдың ойыншығы
Əбжыланның құлады ордасына.
Ақ балапан құлады, күйді ме əлде,
Арашаға тұра алар қандай пенде.
Кетер ме екен, япыр-ай, бірге өртеніп,
Сыңғырында күмістің сұлу əн де.
Үні шықса ауылды сөгілтетін,
Қам көңілді қайсыбір егілтетін.
Бірге өртеніп кетер ме сым саусақтар
Сырнайдан күй толқытып, төгілтетін.
Мына меңіреу дүлейге тауып төзім,
Əлде аман қалар ма елік сезім.
Төңкергенде жіберер бірге аунатып,
Мөлдіреген мойылдай қара көзім.
Қайсар қайрат үлгеріп келіп батыл,
Дер ме қарсы жауыңа оқтай атыл.
Меңіреу күш меңгере бастағанда,
Арашаға түсер ме əлде ақыл.
II
Ақ балапан – Анар қыз ашып көзін,
Қайда екенін аңғарып барлап өзін.
«Хан сарайы, жасаған, жазығым не!» –
Сынбаса да майысты берік төзім.
«Еркін құс ем, бұл торға қалай түстім,
Уысына тап болдым дүлей күштің».
Отырғанда ойланып, аң-таң қалып,
Елес берді ұшығы сұмдық істің.
Əзіл-сауық…
Жүректер жүр жарасқан жұбын тауып.
Бай мырзасы келіпті Мұса дағы,
Анар қызға жүретін көңілі ауып.
Анар болса міні жоқ тұлғасында,
Тоқсан өнер тоғысқан бір басында,
Ауыл болып аялап, əлпештеген
Ай сынды қыз арайлы күн қасында.
Кездеспеген өмірдің азарына,
Бұралған əн, бұлбұл күй базарында,
Ақтиіндей алаңсыз ару Анар
Отыр ұқсап ақ таңның ажарына.
Қырсық іске бас болған осы кеште,
Себеп болды Анар қыз бір егеске.
Май құйғандай өршітіп жіберді өзі,
Тыйым салмай тұтанған ерегіске.
Мал буына семірген Мұса мырза,
Қарасын ба ыңғайлы, ыңғайсызға.
Əлімге кеп зілденіп сөз тастады
Төрде жақын отырған Анар қызға:
– Қашан болсын, япыр-ау, осы Əлім,
Көлденеңдеп жүресің білмей əлің.
Мынау орын менікі, қағыл былай,
Өрең жетпеске ұмтылма, жайың мəлім.
– Мұса мырза, білсеңші сөйлер сөзің,
Ерте туып, кеш қалып жүрген өзің.
Қыз біткенге ен тағып қойып па едің,
Өңмендейсің, өзеуреп, сүзіп көзің.
Саған қалған жайым жоқ сынға салар,
Өзін, де ойла əліңді сынаса алар.
Сақтап едім қасымнан десе орын,
Өзі айтсын отыр ғой, міне Анар.
Байекеңе мына сөз тиді қатты,
«Бұлай деуге бұл малай қалай батты»,
Сөз таба алмай булығып қаны ойнап,
Мұса мырза тұтанып келе жатты.
Анар соны сезді де араласты:
– Мұндай керіс, жігіттер, жарамас-ты.
Мынау əнге үш ауыз өлең тауып,
Кəне қайсың айтасың табан асты.
Қисыны жоқ қиынға, салып өрге,
Бос тепеңдеп торымен түспей терге.
Ер намысы бар жігіт өнерімен
Өз мерейін асырып шықсын төрге.
…Өлең тауып табанда шырқап əнін,
Бойында бар танытты жігіт нəрін.
Қолы қысқа болғанмен, жаны дарқан,
Жүре-тұғын келтіріп жиын сəнін.
Ал Мұса мақұрым еді əн мен күйден,
Ашу кернеп, түтігіп шықты үйден.
Шырпы дайын тұтанғыш, ызақор жан,
Атқармақты сұмдығын ішке түйген.
Өз басына Анардың болып кекті,
«Заржақ ит» деп Əлімді сыбап сөкті.
Үйіне кеп ат мініп, аял қылмай,
Қайдасың деп хан сарай жүріп кетті.
Жаңа шыққан жапырып жасыл қауды,
Жара шауып келеді Сабын тауды.
Екпінімен жер соғып, екіленіп,
Қуып келе жатқандай қалың жауды.
Қарақшыдай жамылып қара түнді,
Қара ниет барады, аяр кімді.
Жауыздыққа жəрдемші болмайын деп,
Түн тылсымға айналды, жел де тынды.
Қадам алға баспасын қарап алмай,
Ажал мейлі тілесе қойсын жалмай.
Түнек ойды тұнжыр түн тұншықтырсын,
Деді ме əлде ақ бетін бүркеді ай.
Басқа-көзге төпелеп теңбіл көкті,
Ақ көбікке малынтып терін төкті.
Зауал жолап көрген бе мұндайларға,
Түн жарымда ордаға келіп жетті...
Зұлымдыққа Мұсаны барады деп,
Ойламаған сауықтан тарады топ.
Үйіне кеп жайғасып жатты Анар,
Қара ниет, қара істен хабары жоқ.
Алынатын бардай-ақ қамал мұнда,
Төрт-бес кісі, Мұса бар топ алдында.
Шырт ұйқыда алаңсыз жатқан қызды
Жөнеді алып жұмарлап таң алдында.
Өңі ме бұл білмейді, əлде түсі,
Əлде зұлым біреудің қасақы ісі.
Арашасыз қыз байғұс кете барды,
Ес-түсі жоқ, аярлық халде кісі.
Ат үстінде көлденең, құйын жүріс,
Бас тұмшада, ала алмай бітті тыныс.
Əлсізге кім күшті емес, бұлқынғанға
Босатар ма қақпандай қолдар «құрыш».
Күш кімде, іс соныкі бəрі сыйған,
Теріс деп бұларды кім бар тыйған.
Шалажансар, өлімші сол бетінен
Тəулік жатып қыз есін азар жиған.
Оймен сезіп, міне, осы болған істі,
«Мұсадан», – деп түйді Анар қайрап тісті.
Не де болса ақырын көрмек болып,
Ширап бойға жиды бар қайрат-күшті.
«Қандай тағдыр алдыма құрмақ тезін»,
Құйынша ұйтқып құбылып, жүйрік сезім
Жағадан ап, ой қамап отырғанда,
Біреу кірді өң менен қадап көзін.
Қабақтары түксиген шүңірек көз,
Дерсің түсін сандықта сарғайған без,
Майланбаған қайыстай қатып-семіп,
Тіл кескендей сазарып қатпайды сөз.
Ақ шапаны, басында сəлдесі бар,
Əлде жынды белгісіз əлде есі бар.
Атбегідей айналып көрді Анарды,
Дерсің қояр апарып көрмесі бар.
Сатып алар мал дайын қарады кеп,
Шыдады Анар бұл қайтпек болады деп.
Обыр көзі тінткілеп тұла бойын,
Жұтардай боп тесіліп барады жеп.
Шығып кетіп бір кезде кайта келді,
Жібек шапан Анарға желек берді.
Бөтен көзден тасалап, ұрлық малдай,
Бетін бүркеп жетелеп жөнеп берді.
Жетектеді, қыз байғұс дедектеді,
Сайға тимей аяғы безектеді.
«Қайда барам, мына сұм не қылмақшы,
О, жасаған бере көр медет», – деді.
Келеді ол аяғын əрең басып,
Буындары дірілдеп, қаны қашып,
Қанша өжет болғанмен жүрексінді
Кіргізгенде сарайға есік ашып.
Тағдыр жазса, адамның келмес жері
Болмайды ғой пенденің көрмес кері.
Зергер шалдың қыш үйін берер ме Анар,
Бұл сарайға сəулетті зер кестелі.
Өтті Анар сарайды көзбен шолып,
Алтынға аптап, күміспен қойған өріп.
Шебер ойған сүйектен биік сəкі,
Хан тақыты болар деп қойды жорып.
Алтын шабақ шоршыған əдемі «көл»,
Шақырғандай шыраймен деп мені көр.
Ортасына сарайдың орнығыпты,
Көрініп тұр кеп маңдай төккені тер.
Иығына көтерген алтын құбыр,
Арудың тұр жүзінде өзгеше нұр.
Өшпес мəңгі өмірдің белгісіндей
Құмырадан мөлдір су төгіліп тұр.
«Көл» жиегін көмкерген ақ мрамор
Ақ мрамор – би орны аққұла бір.
Хан көңілін көтерер шақтарында,
Аққұба қыз киіктей ақты не бір.
Өзі көрген гүлдерден өзге мүлде,
Аңтарыла қарады қызыл гүлге.
Бір сəт қалпын ұмытып ерке көңіл
Қыз назары жүгірді бірден-бірге.
Осылайша əрнені көзбен шолып,
Мағынасын, мəнісін ойша жорып.
Жүрген Анар хан келіп қай уақыттан
Сезбей қалды тұрғанын мұны торып.
Қыз елестеп көзіне қызыл шоқ боп,
Хан жөнелді көргеннен көбелек боп.
Көңілі ауғанын меншіктеп үйренген жан,
Қызыл көрген қарғадай тиді өктеп.
«Кел, аруым», – деді ол жайды құшақ.
Көптен бергі етене жанға ұқсап.
Жалт қарады Анар қыз сол қараспен
Ханыңызды тапжылтпай қойды тұсап.
Жаңа ғана арманы алға асқандай,
Хан көңілі ашықты айлы аспандай
Ұшырасқан көздерден от шашырап,
Аждаһа мен ақтиін арбасқандай.
«Пай-пай, неткен көз еді алдаспандай,
Жан қысылып, қан ұйып, тер басқандай.
Не боп барам, қай жаққа қашты қуат,
Не сиқыр бар бұл қызда мен сасқандай.
Бұл не қылған, япыр-ау, өктем пішін,
Көзіменен барлатып маған ішін.
Қалай ғана бетіме келе алды», – деп
Хан сілкінді, суытып алды түсін.
Іздегенге сұраған, кел дескендей,
Қадалысқан көздері жер тескендей.
Айбат шегіп, барласып, ысқырысып,
Ізгілік пен зұлымдық белдескендей.
«Қайтсем екен қылығын мынау жанның,
(Кері қақты ұсынған қолын ханның.)
Алтын табақ ішінен шоршып түскен,
Ит басындай көрдің бе керін халдің.
Өмірімде көрмеген болды аза,
Ел білмеген рауа кессем жаза.
«Өлер бала зиратқа» дегендейін,
Кесірлігің басыңа жетер таза.
Шығарсам бақ үйдіріп, көзіңді ойып,
Жіберсем бе өзіңді мүлде жойып.
Күтушіге күтуші, күңнің күңі
Етейін бе табаның тіліп қойып.
Тағысындай тəкаппар иесіз құздың,
Кешірсем бе қылығын кесір қыздың».
Көк бауырдай көгеріп хан түтікті
Кескінінен ызғары есіп күздің.
Келді Анар осылай хан алдына,
«Хан осы ма шықпайтын жан алдына.
Ауылдағы ат бағар ғой бір,
Десем ерек пендеден жаралды ма.
Шығып кеткен көзін-ай шарасынан,
Жанды ықтырып осылай қарасынан
Үйренген-ау. Бар екен тұмсығы да
Айырғысыз қарғаның баласынан.
Ел ұятын, ұжданын жатқан тонап,
Осы екен ғой сиқырлы толмас қорап.
Ханымыз деп шоқитып тақыт беріп,
Қойған екен қабанды жібекке орап.
Амалың не осыған түссе күнің,
Алған екен сыртына салып түгін.
«Қырық кісінің ақылы ханда» дейді,
Рас болса білерміз танып бүгін.
Ақ ботаға қара нар салып жүгін,
Танытқан соң өзінің «алыптығын».
Бұраң еткен алдында бұраң белден
Дəндегенің білемін анықтығын.
Таққа келдің, қырсық-сор ала келдің
Оба дайын елге ойран сала келдің,
Саған пенде болғанша кесер басым,
Кірсін дағы койнына қара жердің».
Хан мен Анар осылай ұшырасты,
Қыздан шырай көрмеген, ықыласты.
Бір сəт Анар алдында айбарлы хан,
Бет пердесін сыпырды, шынын ашты:
– Күш жұмсасам уысқа алар едім,
Бір шерткеннен өзіңде қалар ма едің!
Қалауыма қасыма ап құшып, сүйіп,
Балапан қып бауырыма салар едім.
Аяулыңды бойыңнан алар едім,
Қызығыңа осылай қанар едім.
Басылған соң құмарым өлекседей,
Қара құлдың бауырына барар едің.
Сезесің мен бұған бармасын?
Қара түгіл, мені қай хан басыңды!
Жанға істеп көрмеген ықыласым,
Мен əкелдім алдыңа хан басымды.
Енді шыдар жайым жоқ, кеш, аруым,
Бұдан ары кергісең кеш қалуың.
Əр асауға лайық тұсауым бар,
Мұны дағы алғайсың еске, аруым.
Бұл ұядан енді ұша алмасыңды,
Білесің ғой қайырылып бармасы.
Еркінменен қабылда хан иенді,
Кел, аруым, қоялық арбасуды, –
Деп тағы да Анарға хан ұмтылды.
Қозғалмастан орнында Анар тұрды.
Кірпіктері найзалап, көзі от шашып,
Ханды қайта тағына алып ұрды.
Тізе бүкпей тұрды қыз имей басын,
Қабылдамай Герейдің ықыласын.
Хан тұтанып шақырды бір жендетін,
Қыздың сырын өңінен оқыған соң.
Иек қақты, ұры иттей жылмаң жүзді,
Кірген жендет жалаңдап бағып ізді.
Қозы арқалап қашқан дəл бөрідейін
Иығына жөнелді салып қызды.
Түнектей бір апанға алып кірді.
Хан зынданын қыз оймен танып білді.
Қажымасын сездіріп қайсар жанның,
Қара көзі от болып жанып тұрды.
«Хан жарлығын екі еткен жоқ-ты еркек...
Кінə өзіңнен, бойжеткен, сазаң сол», – деп,
Тамақ кенеп, тамсанып сəл тұрды да,
Жапты есікті, жайына кетті жендет.
Хан қорлығын бойына дарытпастан,
Паң, тəкаппар қалды Анар қорықпастан.
Қыз назарын өзіне алды бұрып,
Тылсым зындан жасаған ойып тастан.
Қабырғасы теп-тегіс көк жалтыр тас,
Биігіне көз салсаң айналар бас.
Кенереден түскен бір əлсіз сəуле,
Қарау түгіл жақындап барып болмас.
Төргі жағы жақпар тас, ылди сыз,
Ысыл, сыбдыр, шиқыл бар бір белгісіз.
Тоңазыды бойы да, аяқталды,
Бір тасқа кеп шоқиып отырды қыз.
Сəуле əлсіреп, біртіндеп түнек басты,
Қалтырады, Анардан үрей қашты.
Бірі шоршып, жорғалап, бірі ыршып,
Жылан-шаян боп кетті аяқасты.
Сезіп дене тітіреп Анар састы,
Ар үшін жан ажалға тікті басты.
Жан қиналса қарманбай қалар ма адам,
Аумақты бір тапты əрең тікше тасты.
Тасқа шығып тұрды Анар етпей қыбыр,
Шұбатылып жорғалап жыландар жүр.
Отыра алмай орнығып, тізе бүкпей,
Көзден атты керер таң, қыз шыдап тұр.
Зындан іші бозарды атты да таң,
Сəуле түсті сан даудан сыздықтаған.
Түні бойғы ысылдың сыры ашылды,
Мəні-жайын түнекте қыз ұқпаған.
Елестетіп ертекте қас алыпты,
Екі жылан ажалға қасқарыпты.
Өліспес беріспес қанды шайқас
Арасында бұлардың басталыпты.
Дегендейін өлтірмей қойман тірі,
Ұзын дене орап ап бірін-бірі...
Шиеленіп, күрмеліп, ширатылып,
Түйін жіптей домалап қалды міні.
Тас шыдамай домалап шақыр-шақыр,
Тіс пышақтай осқылап өтіп жатыр.
Жұлынған ет денеден кесек-кесек,
Бір-бірінің аузында кетіп жатыр.
Бірі өктеп азуын бата түйреп,
Бірі қатты жаралы дене күйреп.
Қызыл қаннан таспа жол із қалдырып,
Қашты əлсіреп денесін зорға сүйреп.
Жан иесі көрмейтін бар ма азап,
Өз əлінше тағдырға бəрі мазақ...
Əрең жетіп Анардың дəл алдына
Əлгі жылан құлады, міне, ғажап!
Мұны не деп сорлы қыз жорымақшы,
Қалайда да жыланның жолы қатты.
Маған деген жақсылық нышаны емес,
Деп қыз ойы теңіздей толқын атты.
Жеңген жылан өкшелеп келе жатты,
Қыз жанына оның суық сұсы батты.
«Маған келе жатыр» деп жалған ұғып,
Естен танып, қыз құлап түсті қатты.
Қорқатын атасаң жылан атын,
Үрейленіп жоғалтты қыз тағатын.
Анар тұрған тік тастың іргесінен
Сыздықтап бір болымсыз су ағатын.
Бетке алғанда тікше тас қыз панасын,
Су болатын жыландар нысанасы.
Бірі жетпей жолда қап, бірі жетті,
Қайдан білсін сорлы қыз бұл арасын.
Талықсыған титтей үн шығармастан,
Айырғысыз жатты Анар тілсіз тастан.
Қанша жатты кім білсін, көзін ашты,
Басында отыр хан сипап қолаң шаштан.
Жатқан жері жиһазды шағын бөлме,
Мамық төсек малынтып жайған төрге.
Елік орғып орнынан атып тұрды,
Қалай келдім дегендей мынау жерге.
Дүлей күшке сорлы қыз болған пенде,
Жан қысылып малынып қара терге.
Аяқ басып тұра алмай əлі құрып,
Қайта құлап, сылқ етіп түсті жерге.
III
Содан бері таң атып, күндер батты,
Жаны бар да жайы жоқ Анар жатты.
Толқын бермей томсарған көк теңіздей
Шымырлаған тереңнен тұнып қатты.
Істер айла-амал жоқ, іштен тынып,
Не боларын тағдыры жатыр біліп.
«Хан шеңгелі белгілі кілтсіз қақпан,
Құтылу жоқ дүниеде тірі жүріп».
Жаннан безіп жастайын өлу киын,
Тірі жүріп қорлықты керу қиын.
Торлап, тұнжыр ой қамап тұмандайын,
Сорлы қыздың күн-түні жеді миын.
Жанашыр жоқ жанында берер кеңес,
Құдай аяп көз жасын көрер емес.
Айықтырып азаптан арашалап,
Ажал дағы оп-оңай келер емес.
Табыттағы мəйіттей жүзі суық,
Ылғи ойда жатады көзін жұмып.
Ажарынан түңіліп хан тұрады,
Тіл қатуға бата алмай келіп жуық.
Кейде шығар телміріп тұрып-тұрып,
Кейде ашулы бүркіттей алар бүріп.
Түйілсе де, түтуден лəззат қайсы...
Қылар қайран таба алмай, амал құрып.
Тағына кеп қомдайды ой қанатын:
Ісі бопты-ау енді бұл ойланатын.
Қолын қағып кім мұның көрді бұрын,
Көзі түскен жүректе той болатын.
Бұл қақпаны сан ару ашатын,
Тосырқайтын, томсарып қашатын,
Тас зынданда үш түнеп шыққаннан соң,
Хан бүркіттей бауырына басатын.
Не болмаса тез суып үлгеретін,
Таңсық асын татпастан жиренетін.
Ит иіскемес хан түгіл, арам астай
Сорлы сұлу көз түртті күйге енетін.
Қайсыбірін күшпенен күйрететін,
Қайсыбірін ызбармен үйрететін.
Таза емес деп таңбалап, масқаралап,
Көнбегенін найзаға түйрететін.
Анар үшін мен бұған бара алмаймын,
Өз қолымды қылышпен қаға алмаймын.
Тыныс демім, жан жүйем секілді ол,
Сəл ұзасам қасынан алаңдаймын.
Бір қарасам көзімді ала алмаймын,
Қарамас күш бойымнан таба алмаймын.
Мен көрмеген Анар қыз асыл екен!
Жалбарынсам əнге жаны ашыр ма екен!
О, дариға-ай, кінəлі əлде мынау
Батар күндей еңкейген жасым ба екен!
Тұңғыш рет осылай торықты хан,
Қыздан бойын тия алмас болыпты хан.
Өзі сезіп-білмеген өмірінде
Оқшау, бөгде бір күйге жолықты хан.
Күш жоқ дейтін өзімнен құдіретті,
Хан қаһардан айырылды, күйі кетті.
Делбе жылқы секілді айналсоқтап,
Қыз қасына баруды жиілетті.
Хан өйтті деп қыз бері қарамады,
Асқынған дерт бойынан тарамады.
Құса жеңді, күннен-күн төмендеді,
Аяқ басып тұруға жарамады.
Сұлық жатқан қалпынан тұра алмады,
Нəр татпады не сусын сұрамады.
Науқас бір күн бұзылды əкесінің
Құлағына естіліп жылағаны.
Əлдекімнің көз алмай елесінен,
Бірде іздеп үзілген əн есімін.
Бірде: «Көке, мен мұнда, мұндамын», – деп
Ұзақты күн сөйлесіп əкесімен.
Бірде елестеп көзіне құрбылары,
Ойран-асыр сəн-сауық құрды бəрі.
«Бір əн салып жіберші, Анар», – десіп,
Ортаға алып қиылып тұрды бəрі.
Бірде елес береді ауыл-аймақ,
Бірде толқын төсінде салып ойнақ.
Бірде елестеп көзіне ата-анасы,
Ұмтылады жан көке, апатайлап.
Бірде түнек елестеп, бірде жылан,
Бірде азбан, бірде хан төніп тұрған,
Жаны шошып ышқына қысылады,
Жауыздыққа байланған сорлы құрбан.
Сандырақтап осылай үш күн сайрап,
Əлдекімге өшігіп, тісін қайрап.
Жатты да кеп жалынды əкесіне
«Мені дағы ала кет көкетайлап».
Өмірменен қоштасты, үзді мүлде,
Əлде разы, ұқсайды жүзі гүлге.
«Жүр», – деді де манаурап кетті ұйықтап,
Əкесімен ақтық дем үзді бірге.
Міне, осылай өмірден өтті Анар қыз,
Анар десең анардай ақ манар қыз.
Қаршығадай қасқарып соңғы сəтін
Қабылдады қайратпен жапа-жалғыз.
...Анар қыздың əкесі зергер еді,
Қырықты өткеріп елуге келген еді.
Үш жыл бұрын жұбайын таза арулап,
Қимаса да «Тəңірге» берген еді.
«Тірі болса қасымда жалғыз қызым,
Дүнием түгел, жанғаны бақ жұлдызым.
Аяулымнан ақ малтам қалған сарқыт»,
Деп дүкенде өткізген күндіз-түнін.
Жұлдызы өшті, жай түсті сорлы шалға,
Не өнеді Мұсаны күн-түн қарға.
Ақылынан алжасып кетті зергер,
Тағдыр дейді мұны да, амал бар ма!
Ылғи күтіп жүреді алаңдайды,
Ботам, Анар, Анаржан, баламды.
Тауға шығып келеді, дөңнен асып,
Бірақ сорлы Анарын таба алмайды.
Даттамайды жат қылып бар құдайды,
Үндемейді сабырын сарқымайды.
Ылғи іздеу. Көрдің бе Анарды деп,
Он кездессең күніне он сұрайды.
Дыбыс шықса сырнайдан жүгіреді,
Əркімнің бір бетіне үңіледі.
Бірде танып, сорлы əке бір танымай,
Тани қалса торығып, түңіледі.
Тыста болса, Анар деп үйге жетеді,
Үйде болса, Анар деп тысқа кетеді.
Байыз таппай, безілдеп, Анарды іздеп,
Таңы атып, сорлының күні өтеді.
Мұндай халде сорлыға күтім қайда,
Таза киім қалмады бүтін бойда.
Ұйқы ұйықтау, ас ішу болды ұмыт,
Тірлік қамы түгелдей қалды жайға.
Сорлы шебер ағаштан түйін түйген,
Сом темірден биязы жіп иірген.
Алып кеуде, апай төс – бүгін аруақ,
Жалғызым зар салып, жаны күйген.
«Ханға Анарды апарған көзі қиып,
Семірген ит арамнан дүние жиып», –
Деп ел-жұрты Мұсаны қарғап-сілеп,
Зергер қоса көзіне болды күйік.
Қақпақыл қып кездессе құрбылары,
Бұғалықтап, сөз тұзақ құрды бəрі.
Екі кісі бас қосқан жерге Мұса
Бара алмайтын мүсəпір жүрді халы.
Өзі ашушаң, ызақор, дөкір Мұса,
Одан бетер булығып болды құса.
Ел есіне түсіріп ербеңдеді,
Деп зергерден құтылмақ қалай қылса.
Осы оймен тұзақты құрды Мұса,
Қыбын андып зергердің жүрді Мұса.
Шалды байлап, төсекте тұншықтырып,
О дүниеге жіберіп тынды Мұса.
«Зыр жүгіріп жүретін күндіз-түні,
Бұл не болды шықпайды зергер үні», –
Деп іздеген қауымға тағы да бір
Сұмдық істің əйгілі болды шыны.
Жұрт жиылды жерлеуге зергер шалды,
Жүсіп атты ауылда кəрі бар-ды.
«Көп бейітке зергерді қою күнə», –
Деп Қареке бұларға хабар салды.
«Күнəсі не, зергерде қандай жазық?» –
Деп кім батып сұрасын тергеп-қазып.
Бір төбенің үстіне жалғыз өзін
Қойды апарып қабырын терең қазып.
Бір ғажапты көрдім деп біреу анық,
Біреу нанбай жүреді, біреу нанып.
Бас жағынан зергердің жалғыз түп гүл
Күндіз өшіп тұрады, түнде жанып.
Он қолы өнер жан еді жас шағынан,
Момындығы басымды асқағынан.
Иманды екен бейшара күнəдан пəк,
Алла шырақ жағыпты бас жағынан.
Кеткен тарап аймаққа аңыз болып,
Гүлді осылай үлкендер қойды жорып.
Көрмек болып көзімен Мұса бір күн
Іңірден кеп қабырды жүрді торып.
Бет алған соң кештетіп моласына,
Күдіктеніп зергердің қазасына,
Жүретін ауылдың адамдары
Жасырынды жақын кеп дөң астына.
Дөң астында жатты олар бақылады,
Тапжылмастан Мұса да жатыр əлі.
Дана қарттың басындай бозқырау гүл
Бірте-бірте жанды да жарқырады.
Мұса мұндай ғажапты көрмегендей,
Тұла бойын ашу-кек кернегендей.
Бірде шырақ, бірде гүл, бірде Анар,
Мықты болсаң жақындап кел дегендей.
Қоңырау гүл құбылып алаулады,
Кемпірқосақ сызылып тараулары.
Зұлымдықтың киесі қонған Мұса
Жарылардай тұтанып, танаулады.
Бай кісіде қашанда өктем көңіл,
Бөгет бар ма ол үшін бəрі жеңіл.
Бөренені бұтадай көрер емес,
Жемін жеуге ауытқып кеткен көңіл.
Алай-түлей кеткендей құздар құлап,
Гүріл үнді естіген тұнды құлақ.
Сабағына қол тие берген сəтте,
Ұшып түсті зұлымдық, жатты сұлап...
IV
Абайсызда төсеген оққа маңдай,
Өтті Анар аяулы ақ маралдай.
Қара киіп Қырымның табиғаты,
Аза тұтып аруын жоқтағандай.
Бұлттан қара салынып күн күйінді,
Қырым тауы түсіріп тұрды иінді.
Қарауылда түнеріп қалың орман,
Түнек болып тылсымдай түн түйілді.
Бір мөлт етіп тынды да көл күрсінді,
Жылағандай тұншығып жел күрсінді.
Табиғаттың бұл күйі сұлулықтың
Азасына қойылған белгі сынды.
Анар өтті, Герейге қайғы жетті,
Бойда қуат бор болып, қайрат кетті.
Темір де емес, тас та емес, киіз де емес,
Адам екен хан Герей ет жүректі.
Ет жүректің өзіне ұнайтыны
Болады екен қалайтын, сұрайтыны.
Қуанышы, кейісі, сүйсінері,
Қара тұтып қайғырса, жылайтыны.
Ханыңызға отыр бұл жаңа жетіп,
Тұңғыш рет кары еріп, мұзы кетіп.
Алпысқа аяқ басқанда туған айы
Батты ханды қайғыға душар етіп.
Себеп болды өзінің тас зынданы,
Қосымша боп айбары, тас ызғары.
Жауқазынды жайпаған хан жылайды
Тұңғыш батып өмірдің ащы зары.
Қалай ғана отырмын бұған төзіп,
Деген ой жеп Герейдің жанын езіп.
Жасы еңкейіп кеткенде жар сүюдің
Қиындығын ойланып, енді сезіп.
Ой хой, тіпті сол ғана болса етті,
Ақ балапан қолына қонса етті.
Көріп жүрер көпсініп көлеңкесін,
Қайран ару қазасы құса етті...
Бір соғыста тұтқын боп келген шеттен,
Күзгі шөптей сарғайып күні өткен.
Хан қолында құлдықта Омар дейтін
Шебер бар-ды он қолдан өнер төккен.
Хан шақырды! Зəресі кетті Омар,
Қалт-құлт етіп алдына жетті Омар.
Сенерін де сенбесін білмей қалды
Хан тағында отыр бір қатқан томар.
Салғандай-ақ басына темір тезді,
Сүйеп қолмен мүлгиді жұмып көзді.
Сорғалайды сақалдан алты тарам жас,
Ханның жайын түсінді Омар сезді.
«Жеңіс болып үнемі тойлағаның,
Хан басыңмен қары істі қоймағаның,
Қартайғанда басыңа жеткен екен», –
Деп Омар тұр айта алмай ойлағанын.
Ханда да адам қайғысы болады екен,
Жүзі дерттен сарғайып оңады екен.
Тұтқасынан тірліктің айырылса ол да
Ет жүрегі қансырап солады екен.
Ерте сөнген Анардай бақытына
Хан қапада отырып тақытында,
Көз жұмулы қалпында етті жарлық:
– Ал шеберім өнерің тағы сында.
Арнамақпын бір белгі ғашық жарға,
Ұқсамасын ел білген асылдарға!
Күллі əлемді күңірентіп, қайғымды алып
Барар болсын, шеберім, ғасырларға.
– Құп, хан ием! Арнайын қандай жанға?
Ару ма еді ұқсаған атар таңға?
– Оның қандай екенін сен білмейсің,
Оқыс сөйлеп, шеберім, тиме жанға.
Жастығы оның жауқазын гүлдей еді,
Ол кірпігін түсірсе, түндей еді.
Жалт қараса, жалт еткен жанары оның
Ақ шағырмақ көктемгі күндей еді.
Шынар тұлға, бұралған қыпша белі,
Ұяң жаны көгершін құстай еді,
Нəзіктігі жаздағы жібек самал,
Маржан дерсің төгілген шықса лебі.
Еркелігі күнəсіз жас баладай,
Мейірімі жаны ізгі жақсы анадай.
Тал бойыңды талдырып магниттей
Тартып тұрар ажары ақ танадай.
Хан еңіреп тауыспай Анарды айтып,
«Ондай жанды бұл енді табар қайтып...»
Омар ойда: «Япыр-ай сен жібісең,
Егілместен қара тас қалар кайтып. ..
Құдайым боп адамдық еркімді алдың,
Құл деп қорлап етіме таңба салдың.
Отанымнан айырып ел-жұртымнан,
Аяулыма айтқан ант – сертімді алдың.
Ұстамақ ең тұтқасын дүниенің,
Атақ-даңқтың, нəпсінің құлы едің.
Өзге түгіл қайырылмас ата-анаңа,
Темір емес, тас емес, киіз едің.
Адамдығымды ескерттім, қарсы баттым,
Айыптадың сол үшін қамшылаттың.
Саған ұқсап сорғалап жас төкпедім,
Жүрегімді жаралап, қансыраттың.
Сен жыласаң, бұл өмір кеңігені,
Сен жыласаң, сор кейін шегінгені.
Сен жыласаң, жайлаған бұл өлкені,
Тізе бүгіп, зұлымдық жеңілгені.
О, жылайды, күңіреніп хан жылайды,
Хан жылайды, қалайша тас шықпайды.
Қара тас хан жыласа, өзге жанда
Толқымай ма теңіздей ащы қайғы.
О, жыласын, жыласаң, хан жыласын,
Қара жүрек үзілсін, қансырасын.
Менің дағы қасірет-қайғымды айтып,
Қара мылқау, мелшиген тас жыласын.
Ол ұрпақтан-ұрпаққа барар болсын,
Əр жүрекке өз жолын табар болсын,
Қаратас хан, Қыз Анар, Өнерлі Омар
Аңыз болып əлемге тарар болсын».
Өмірінде бір алқап «жаратқанды...»
Ыза-кекке қайралған болат жанды,
Сілкінді Омар қайғысы ханға көшіп,
Құзға қонар қырандай қанаттанды.
Жанды орар жанатқа, көзді көмер,
Сиқыр десең болар ма шіркін өнер!
Өнерлі қолында шырпыдайын
Бөрене ұшып, доптайын тау дөңгелер.
Өнерлі қол өліге жан бермей ме,
Көріксіз көктемдей сəн бермей ме.
Келістіріп қалауын, қар тұтатып,
Өлмес азық өмірге нəр бермей ме?
Міне, осындай шебер қол қан жылатып,
Көкірегіне зəр жасын тамшылатып.
Қара тасты егілтіп, елжіретіп,
Хан алдына əкелді қансыратып.
Ас үстелдей аумағы ақ мрамор,
Ақ мрамор бетінде аққұла сыр.
Жұп емес, тақ махаббат белгісі етіп,
Ойып салған бір ғана ақ қылаң гүл.
Гүлге ойып түсірген адам көзін,
Бейнелеген көз емес, мұңның өзін.
Мөлтеңдесе суырып жүрегіңді,
Дəтің шыдап таппайды жаның төзім.
Үнсіз аққан секілді жылым бұлақ,
Көрмек емес бұл көздің жасы құрғап.
Баяу жылжып ыстық жас бетін жуып,
Меңіреу тас тұрады мəңгі жылап.
Мұның дағы сыры бар, емес тегін:
Қорғасын жас құйылып аш өзегін
Өрт есінде, тамшылай тесіп өтсін
Хан қайғысы өтесін халық кегін.
Жəне баяу азапқа тамшы басым,
Күндіз-түні тынбасын, тамшыласын.
Ай да емес, жыл да емес, ғасырларға
Жетсін азап. Жүрегін жаншыласын.
Деген шебер «аянбай ханы үшін»
Бір шетіне ұлудың салды түсін.
Ұлу – күдік символы. Күдік еніп,
Жегідей жеп, тырнасын ханның ішін.
Ол кейінге қомсынып қарар болсын,
Алдағысын күдікке алар болсын.
Тірі жанның алмаған ықыласын
Зая өмірі азапқа салар болсын.
Міне, осылай тындырды шебер ісін
Мақұлдады, ұнады ханға мүсін.
Сарайының төріне орнатқызды
Күнде көріп, еске алып жүру үшін.
Зар жылаған мүсінді жұртта ұнатты,
«Көз жасынан фонтан», – деп берді атты
Қай уақытта қамауға өнер сыйған,
Бостандықтың қанатын Омар қақты.
Қырымда Бақшасарай хан сарайы,
Басынан өткерген жер ол талайды.
Аттасаң табалдырығын сол сарайдың,
Бетіңе жаутаң қағып мұң қарайды.
Бұл сарай сыр сөйлейді ғасырлардан,
Адамның еркіндігі асыл арман.
Болған жер – күштіге ұя, күш сізге көр,
Қиянат тағдыр деген тосып алдан.
Сыр сөйлеп əр кірпіші сонау жылдан,
Арулар айуандыққа болған құрбан.
Қызығып маған, менің бақытыма
Секілді гаремінен қарап тұрған.
Баяндап барлық, жайын біз не етелік,
Тарихта қалған жайлар ірге теуіп.
Күнəсін көне күннің көрген айғақ –
Азарға Бақшасарай тұр көтеріп.
Көз жасы фонтан соның бір куəсі,
Бұл күнде аңыз болған елге расы.
Əлі түр зар еңіреп сол сарайда
Құрғамай сан ғасырға көзден жасы.
Жылатып қара тасты зар илеткен,
Кім білсін өнер күшін құрмет еткен.
Əлі тұр қос раушан тас төсінде
Кезінде ұлы ақын қойып кеткен.
- Уильям Шекспир
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі