Жұбанбасыма шарам жоқ
Бұл бетте «Жұбанбасыма шарам жоқ» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Жұбанбасыма шарам жоқ,
Шоқ бастым қызыл тіліме –
Тынардай түбі қараң боп,
Мағынасыз, мәнсіз дүние.
Жүрекке түсіп тас қылар,
Салқын сананың сәулесі.
Жер бетіндегі жұмырбастылар –
Жаратушының құр әуресі.
Шырайлың менен шұрайлың
Көсемсіп көңілін демдейді –
Тәж киген жалған құдайдың
Қолынан боқ та келмейді.
Аптықпа тұрқы бастықпа
Тұзы сор, еңбегі еш кедей –
Жарғақ құлағы тимей жастыққа,
Жортады ерте, кеш демей.
Кездейсоқ ауыр-жеңілден
Жейді де таяқ-тоқпақты –
Түйсіксіз соқыр сеніммен
Қуады тынбай жоқ Бақты...
Тәңірмен өзін тең көрер,
Аяғына тұрып алғасын –
Сезбейтін нәкәс пенделер
Жазмыштан озмыш болмасын.
Қаперсіз қимыл,
Қау дене –
Санатында едім солардың.
Келтіріп, ұлым, тәубеме,
Көрген түсімдей жоғалдың.
...Сарғайған күзін өткеріп,
Күткендей ақыр ызғарын –
Табиғат қызығы шектеліп,
Тиесілі таусып тұз-дәмін.
Танымның тарғыл мысығы
Тырнайды жанның жарасын –
Уақыт қысының үсігі
Шалардай Адам баласын!..
- Уильям Шекспир
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі