Орина солдат анасы
Бұл бетте «Орина солдат анасы» атты Николай Некрасов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Өлімші боп күзгі түнде,
Біз саяттан қайтқан күнде,
Уһлеп кеп жығыламыз,
Өткен жылы қонған үйге.
- Келдік міне біздер тағы
Сау жүрсіз бе, е, құдағи!
Неге мұнша жүдегенсіз?
Алайып көз, солып жағың,
Өлім бе әлде ойлағаның?
Сақтан сөзден тілім, жағым.
Әлде қырсық ұшырады ма,
Айтшы, бәлкім, жұбатармын.
Көргенімде Оринаны,
Ауыр қайғым қозғалады.
- Сегіз жылдан бері ұлымды
Көрмей өлі, әлде тірі?
Болмай хабар содан бері,
Сорлың жылап жүретін-ді.
Бір күндерде ұлым қайтты,
Босандым – деп күліп айтты.
Солдаттықтан босаныпты,
Босанғаны, әй, қуантты.
Ыстық қылып монша жақтым,
Құймақ құйдым, күтіп бақтым.
Қараймын да қуанамын,
Несі болсын мен бейбақтың?
Болмады ұзақ қуанышым,
Бала ауыру, бұзған түсін.
«Жазыламын, жазылам» деп
Айтқаны тек көңілім үшін.
Жаңсақ айтты, жазылмады,
Ауырады, Иван, ыңқылдады.
Тоғыз күндей ауырып жүріп
Оныншы күн жатып қалды.
Сөз айтуға оқталады.
Сөйлей алмай тоқталады.
Дәрмені жоқ, даусы әлсіреп,
Қу шүперек боп барады.
- Балаң бұрын ауырған ба?
Не туғаннан жарымжан ба?
Жасын сүртіп жауап беред;
Біздің бұлай сұрағанға:
«Батыр сүйек, балғын балам,
Туып бір күн ауырмаған.
Петр жақтан генерал кеп,
Шешіндіріп көріп алған.
Жалғыз өзі осы тамға
Тасыды ағаш, жапты қора.
Қарағайдай құйған тұлға,
Орыс еді жирен бұйра.
Осыны айтып үндемеді,
Жас ағызып егіледі.
- Айтшы жеңгей, балаңыздан
Сұрадың ғой, дерті не еді? –
Ұнатпаушы еді сұрағанды.
Сорлы анасы сұрамады.
Солдаттарға көргендерін
Сөйлеп жүру ұнамайды.
Айтса сайтан қуанады,
Алла ашу қып қарағанды,
Артық сөзді сөйлемеске, генералы ант алады.
Ақ көңіл боп Ғайса дайын,
Ант ішкен соң айтпас жайын…
Иванымның дерті не екен?
Құдай білер, мен не айтайын?
Не қылса да үлкен құдай.
Ешкімдіде айыптамай,
Өзін өзі жұбатады.
Өлерінде болды былай:
Қорада ақырын жүруші еді
Балтаменен ұрушы еді.
Ақырын ілбіп, әлсіз қолмен
Жаман үйді жамап жүрді.
Жеміс екті, жерді шапты,
Сарайды да қайта жапты.
Тілегеніне жете алған жоқ
Бір күн құлап, төсек тартты.
Өлерінен бір күн бұрын
Көрем деді күннін нұрын.
Алып шықтым күн көзіне
Шошып кеттім көріп түрін:
Моншаменен арыздасты,
Малдарға да хош-хоштасты.
Шабындыққа барып тұрып
Шоқынды да иді басты:
- Хош-хош, жерім, сау бол мүлде,
Шаптым сені жас күнімде.
Ақырын басып қайтты кейін
Иван жылап жіберді де.
Келе жатып әнге салды,
Дауысы аяныш құлақ жарды.
«Ақ қар» деген ән бастап
Саламын деп сала алмады.
Лекіл-лекіл жөтелгені,
Ақырын сүйеп алып жүрдім,
Азар-азар үйге кірді.
Міне осындай күн батарда,
Сайрап бұлбұл жүрген талда,
Сол түн соңғы түні болды,
Мен байғұста ес қалған ба?
Өлерінің алдында да
Қызметін қалдырған ба:
Крестін де тазартады,
Белдігін де жаңартады.
Тіліменен қағып дабыл,
Солдат әнге жырлайтын жыр.
Нысананы атқанда,
Сілкінетін осы үй құрғыр.
Тырнадай боп тіке тұрад,
Бір аяғын созып қояд…
Кетті құлап бір мезгілде
Көзі алайып кетіп барад…
Өкіреді, тауба қылад:
Тақсырлап кеш жалбарынад.
Басын сүйеп есім шықты,
Тынши беріп тағы ұсынад.
Тілге көнді, жатты кәнге.
Ғайса менен тәңіріме
Шоқындым да, жалбарындым
Кірпік қақпай ұзақ түнге…
Таң алдында есі кірді.
- Хош… Хош… Анам… – деп жөткірді.
Қалдың тағы… Тағы жалғыз…
Көзі алайды, бүркей бердім.
Селк етіп бір сергіп кетті,
Сөйтіп марқұм өліп кетті.
Анау икон алдындағы
Білте шамдай сөніп кетті.
Аударған: Ілияс Жансүгіров
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі