Кавказ қыраны

Бұл бетте «Кавказ қыраны» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

«Кавказда Шәміл имам Ресей империясына қарсы күресті тоқтатып, тұтқынға берілгеннен кейін де жауға берілмеген жалғыз қолбасшы болды. Ол Байсүнгір Беноевский болатын. Жаралы болып, қолға түскен ерді дарға асар алдында орыс офицерлері қанды жоспарын жерлестері арқылы жүзеге асырып, тау халықтарын бір біріне қарсы қоймақ болды. Шариғат бойынша, өзіне өзі қол салуға болмайтынын біле тұра, халықтардың араздығын болдырмау үшін Байсүнгір аяғының астындағы орындықты өзі теуіп құлатты».
(Михаил Саакашвилидің Біріккен Ұлттар Ұйымында (2015 жыл) сөйлеген сөзінен).

Бір көзі жоқ, жау оғынан ағып түскен жанары,
Кекке толы екіншіден қанды жасы тамады.
Сол қолы жоқ көрген талай тайталаста ұрысты,
Бірақ, оң қол нық ұстаған жалаңдаған қылышты.
Бір аяғы оқ тиген соң тізесінен кесілген,
Бұл көрініс шықпас елдің ешуақыт есінен.
Ат үстіне қайыспенен денесі оның байланған,
Бойы тіп-тік, дұшпанына соқтығуға сайланған.
Қалған кезде қан майданда астындағы аты өліп,
Жаяу қалған кезінде де шыққан қылыш көтеріп.
Қыннан алып, қанжар салып, қарнын жарып дұшпанның,
Көзі көрген кәпір қашып, бастың тәннен ұшқанын.
Жаудың күші басым болып, қолға түскен сол батыр
Басын имей, кеуде керіп енді темір торда тұр.
Қалса-дағы кемтар болып, бар денесі қан қақсап,
Қас дұшпаны өшін алып, көп алдында дарға аспақ.
Талай қанды жорықтан да аман-есен оралған,
Шәміл имам деген екен оны тастан жаралған.
Әрбір жерден бой көрсетсе өршеленген ұры иттер,
Көп ішінде көрінбейді қанды көйлек мүридтер.
Елдің іші жатқан шақта алатайдай бүлініп,
Қыл мойыны орыс салған тұзаққа тұр ілініп.
Ал кәпірлер Дағыстанда онсыз-дағы азалы,
Жерлестерге орындатпақ ойлап тапқан жазаны.
Сұрқылтай да кездесіпті таудың батыр халқында,
Сатылыпты бір опасыз патша берген алтынға.
Шел басқан ба екі көзін сумаңдаған сорлының,
Алға шықты ол орындауға генералдың жарлығын.
Бұлт үйіріліп қабағынан қар жауатын Гунибта,
Байғұс халық түскелі отыр дұшпан салған құрыққа.
Қызыл қанға боялмақшы Хасавюрттің алаңы,
Жұлып алса жүрегін де, ол елім деп соғады.
Кавказдықтың біреуінің қолынан ол кетсе өліп,
Ұрпақтары бір біріне жүрмей ме ертең кектеніп.
Содан кейін кек қайтарам деген ерді алға сап,
Бір біріне қанжар салып, жасамай ма қан-қасап?!
Жендеттері тұрған кезде жан-жағынан анталап,
Байсүнгірдің оттай жанған жалғыз көзі қанталап,
Не де болса жан тапсыру керектігін ұғынды,
Қалды теуіп табанының астындағы тұғырды.
Жиылған жұрт аһ деді де, көздеріне жас алды,
Есіл батыр бұл фәнидің бұғауынан босанды.
Өзіне өзі қол салды деп айтпайды ешкім бұл жайды,
Батыр жайлы дастандарды әлі де ұйып тыңдайды.
Қас дұшпан да, бәлкім, сонда болған іске өкінді,
Батыр жаны тау басында ұшып жүрген секілді.
Зеңгір көкте қанат қағып ұшқан кезде қырандар,
Бұл ерлікті еске алады Кавказдағы ұландар.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері