Марқұм туралы баллада

Бұл бетте «Марқұм туралы баллада» атты Ақылбек Шаяхмет жазған жоқтау өлең берілген.

Бұл жалғанның қалған көріп талайын,
Кетті бір жан қырау шалған самайын.
Тірі кезде өкпелесіп жүрсе де,
Шын өлімге қимайды екен ағайын.
Жұрт жиылды, қасіретке жиылды,
Жан-тәнімен болған жайға күйінді.
«Е, Жаратқан, жар бола көр өзің!» – деп,
Қариялар бір Аллаға сиынды.
Жүрмесек те сұлтан болып шет елде,
Қиналармыз бұл өмірден өтерде.
«Өлдің, Мамай, қор болдың!» – деп, тегі жұрт,
Ертеде де айтпаған-ау бекерге.
Бәйтеректей бұтағы көп, мәуелі,
Жоқтау айтар жақындары бар еді.
Бірақ, тағы бұйрық берді бір «мықты»:
Қаралы әуен ойналсын деп әуелі.
Тілек айтып, түспесін деп тамұққа,
Мәйітті олар салды апарып табытқа.
Топырақ емес, ағаш болды жастығы,
Бұл рәсім ортақ десті бар ұлтқа.
Өзге тілде сөз сөйленіп басында,
Туыстары алды төгіп жасын да.
Бірге жүрген жолдастары кешегі,
Ағыл-тегіл арақ құйды асында.
Егер марқұм алса басын көтеріп,
Дауысын созып, бәлкім, сәл-пәл жөтеліп:
«Бұларың не, айналайын, достарым,
Болған екен демес пе еді қателік».
Өзге жұртқа күлемісің, қазағым,
Көргендердің сеземісің мазағын.
Тура келген ажалды да арақпен,
Жуғаныңды білемісің, қазағым!
Жан азабын байқамаған қазағым,
Сан азабын қайталаған қазағым,
Жаңа үйленген екі жасқа қиқулап:
«Ащы, ащы!» – деп айқайлаған қазағым.
Бойлай берсем, өмір сыры терең ғой,
Бәрібір, бір тиянаққа келем ғой.
Қайран, бауырым!
«Орыс болғың келсе егер,
Ең алдымен қазақ боп ал» – деген ғой…


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері