Жесір
Бұл бетте «Жесір» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Тұман басты даланы,
Табиғаттың ашуын-ай бүгінгі.
Әйел көңілі қаралы,
Ойға шомып келе жатып тайып кетіп жығылды.
Тұман басты даланы,
Қара қағаз қарақұстай бүреді.
Адам жаны жаралы,
Ауыр қайғы бас көтертпей, зіркілдейді жүреді.
Таңды көзбен атырды,
Халық болып ерді жоқтар күн бүгін.
Көңіл айтып жатыр жұрт
«Өлген кетті.
Тірі кісі істеу керек тірлігін».
Қалды көңіл ортайып,
Қасіретке кетті тағдыр қарық қып.
Бұл кетіпті қартайып,
Сүйген жары қылшылдаған жігіт болып қалыпты.
Көзден жасы моншақтап,
Қасіреті ағып жатыр көл-көсір.
Жүрген жоқпын жан сақтап,
Жарым менің, тірі кезде өкпелетсем, сен кешір!
Шықпай қойды есінен,
Жастық шағы – ләззәтты бал шағы.
Басын қойып төсіне
Жатушы еді, сол шақтағы тердің иісін аңсады.
Көкейінде жүр әлі,
Өткен күндер көрген түске ұқсап қап.
Өксіп-өксіп жылады,
Ұзақ жатты құс жастықты құшақтап.
Әжім түсіп маңдайға,
Қара шашқа ақ кіріпті бір түнде
Сырын ұғар жан қайда ,
Сүйіктіңнің орнын біреу баса алуы мүмкін бе?!
Соқа басы сопайып,
Қаларлықтай не жазыпты, не депті?!
Алды кенет қатайып,
Болған іске болат-сынды берік болу керек-ті.
Өзіне өзі жүгінді,
Ер мінезді келіні еді ауылдың,
Белін қатты буынды,
Арасына кетті кіріп өмір деген дауылдың.
Күндер өтті жылыстап…
Уақыт емші жазды талай жараны.
Әйел жаны құрыштан,
Жаралған ба?
Туған жерде еңбек етіп жүр әлі.
Толқын соқса шыңдалып,
Өтіп шықты қайырламай қайығы,
Күн де сол кез күлді анық,
Жердің бетін жапқан тұман келеді екен айығып.
Көкіректе мұз-қайғы,
Қуанышын сұм-соғысқа тонатып,
Ана-жүрек сыздайды,
Қаскүнемдер жатса бейбіт адамдарға оқ атып.
Әлем, мені тыңдашы,
Обалына қалған жандар баланың,
Жүре алмайды жер басып,
Қарғысына ұшырайды ақ ниетті ананың.
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі