Ана жүрегі
Бұл бетте «Ана жүрегі» атты Ақылбек Шаяхмет жазған ана туралы өлең берілген.
Ана жүрегі туралы әртүрлі аңыз көп.Осы тақырыпқа әртүрлі ақындар жырлар жазған. Соның бірінде сүйген қызының қалауымен жас жігіт анасының жүрегін жұлып алып берген деген ертегі айтылады. Біздің естігеніміз, қанға құмар ханның қалауы. Ана жүрегіндей мейірім еліміздің пейілінде болсын дейміз.
Аңыз бар ел аузында қалған әлі,
Ананың қасіретті салған әні.
Қия алмай жауыздыққа ғазиз жүрек
Зұлымға да елжіреп, зарлағаны.
Төрінен залым ханға көрі жуық,
Келіпті жез тырнақты өлім жуық.
Дертіне дауа таппай отырғанда,
Ордаға кірді біреу белін буып.
Ауру тағы ханның жанын жеді,
Келген жан:
Дауа таптым, ханым, – деді.
«Ұртассаң жылы қанын адамзаттың
Бойына оралады әлің», – деді.
– Тілесең амандығын бір басыңның,
Құр босқа уақытты қылма шығын.
Сырқаттан құлан-таза сауығасың,
Жүрегін жесең, патшам, ұрғашының.
Сөз бітіп, емші кенет тоқтай қалды,
Улы тіл құлақтарды шоқтай қарды.
Көпшілік сендіре алмай бұған өзін,
Жүректер бір сәт тіпті соқпай қалды.
Әмірші сонда тақтан қарғып тұрды,
Қоймақшы жоқты тап! – деп дал қып кімді.
«Ендеше бар да жылдам, өз шешеңнің,
Жүрегін алып кел!» – деп жарлық қылды.
Және айтты:
«Көріп тұрсың біздің халды,
Қыруар берем саған дүние-малды.
Қоямын әкім етіп бір шаһарға,
Сақтасаң болды мына шыбын жанды».
Бойында жалған ерлік, мақтаны бар,
Жандар ғой шен-шекпен мен баққа құмар.
Шешесі төрт боп көзі күтті жолын,
Өмірін саудалаған шақта бұлар.
Қанқызыл кетті батып Күн асыға,
Толқыды көл де сыймай шарасына.
Улаған басын байлық есірік ұл
Ананың себеп болды қазасына.
Отырды ол көрген кезде қанды күліп,
Осылай ошағына салды бүлік.
Пәршалап арам қолмен пәк денені,
Жүректі жұдырықтай алды жұлып.
Аңырап қалды артында жұрт қайысып,
Жөнелді қара жолмен құрттай ұшып.
Белгісіз үрей билеп тұла бойын,
Сүрінді тегіс жерде мұрттай ұшып.
Құдайдан жүрген жалғыз ұлды тілеп,
Көрмеген оны тіпті қарғап-сілеп,
Тіл бітіп, сөйлеп кетті сонда кенет,
Былғанып топырақта жатқан жүрек:
«Құлыным, болсаң қайтті көзіңе абай,
Жығылдың қара тасқа абайламай,
Барады сорлы денем күйіп-жанып,
Жеткізем көңілімді саған қалай?»
Кесір ұл мұны естіген аяқ асты,
Бұзылып өңі-түсі, қара басты.
Беруге тура жауап шамасы жоқ,
Қу түзге құлазыған тұра қашты.
Білмеді күлерін де, жыларын да,
Білмеді қайда барып құларын да.
Ерекше еміренген әлгі бір үн
Шыңылдап тұрып алды құлағында.
Елі мен атамекен жерден безіп,
Аралап тау мен тасты, кетті кезіп.
Сол маңды торуылдап, жүрді жортып
Бөрілер адам исін жүрген сезіп.
Сұрқия быт-шыт қылған ана арманын,
Тірі боп жер бетінде қала алмады.
Түк қоймай, судай шашып арам қанын,
Денесін талап жеді арамзаның.
Қорқаудың күні бітті қалтыраған,
Түңілді сай мен сала, бар қыр одан.
Ал ананың жүрегі қасиетті
Жұлдыз боп қалды мәңгі жарқыраған!
- Азамат Төре
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі