Табиғат құбылыстары

Бұл бетте «Табиғат құбылыстары» атты Ақылбек Шаяхмет жазған табиғат туралы өлең берілген.

Таң
Күн нұр шашып шығыстан,
Келе жатыр күміс таң.
Әкем де ерте оянды,
Кешікпейді жұмыстан.
* * *
Түс
Көлеңкелер жоғалған,
Күн төбеге барғанда,
Жұрт жұмыстан оралған,
Тал түс болып қалған ба?!
* * *
Кеш
Кешке қызық қандай көп?!
Таулар жатыр нардай боп.
Күн де батып барады
Дөп-дөңгелдек шардай боп.
* * *
Түн
Көк дастархан жайғандай,
Көрікті аспан, ой, қандай?!
Жыпырлайды жұлдыздар
Маржан шашып қойғандай.
* * *
Толған ай
Қуанбасын ел қалай?!
Сүттей жарық бұл маңай.
Жұлдызды көк төсінде
Шартабақтай толған ай.
* * *
Туған ай
Қызығатын бар адам,
Ай сәулесі тараған,
Алтын орақ секілді
Ай туыпты жаңадан.
* * *
Дауыл
Алып біреу ерінбейтін,
Қаққандай-ақ алашаны,
Төңіректен көрінбей түк,
Көтерілді дала шаңы.
* * *
Құйын
Қызық екен құйын деген,
Көз айырмай қара да тұр.
Ұршық-сынды үйірілген
Шаңды иіріп бара жатыр.
* * *
Жаңбыр
Үйден шықпау керек енді,
Бірақ, сыртқа елеңдеймін.
Тырсылдатып тереземді,
Жаңбыр үйге кірем дейді.
* * *
Нөсер
Аспан түбі тесілген бе?
Құйды нөсер шелектеп бір,
Суды бекер шаша бермей,
Жамау қою керек боп тұр.
* * *
Боран
Жолды жауып жан ұшыра,
Жармасады желіккен жел,
Қарды қойын-қонышыма
Тығады әкеп еріккен жел.
* * *
Аяз
Суық ауа тамағыма
Енер болса, кім шыдайды?!
Қырау қатып қабағыма,
Аяз беттен шымшылайды.
* * *
Сең
Сатыр-сұтыр сең қозғалды,
Көреді оны халық қызық.
Жағалауда ізі қалды,
Мұз құрсауын жарып-бұзып.
* * *
Күн күркірі
Жайбарақат отыр еді
Ел жайлауда бие байлап,
Көкте жылқы кісінеді,
Ауыздығын күрт-күрт шайнап.
* * *
Жанартау
Одан асқан сурет жоқ,
Қарап тұрсаң көз алмай.
Таудан шыққан жалын-от
Қайнап жатыр қазандай.
* * *
Бұршақ
Үркітіп көп «батырды»,
Үйге қашты ақылды.
Баданадай бұршақтар
Ұрғылады шатырды.
* * *
Күміс көл
Көл үстіне көк аспан
Төңкеріле жарасқан.
Аспан қайда?
Көл қайда?
Айыра алмай Жарас таң.
Таулар, таулар!
Көп нендей!?
Жағалауға шөккендей.
Көл – көктің бір сынығы,
Жерге түсіп кеткендей.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері