Тәуелсіздік туралы толғау
Бұл бетте «Тәуелсіздік туралы толғау» атты Ақылбек Шаяхмет жазған тәуелсіздік туралы өлең берілген.
1.
Қалай келдік бұл жерге,
Қалай жеттік бұл күнге,
Қазақ елі жұмаққа мекен деуге мүмкін бе?!
Қазақ елі тозақтың шегі деуге бола ма,
Сөйле, сөйле, ендеше,
қызыл тілім, іркілме!
Ата жауды қашырған,
Баба даңқын асырған,
Қас дұшпаным бас ұрған
күндер өтті басымнан,
Қарсы алдымнан жел тұрып,
қалдым қазір ентігіп,
Асамын деп келгенде жиырмасыншы ғасырдан.
Не жетеді жалғанда дүния сырын білгенге,
Жұлдыздарға көз тіктім сүттей жарық түндерде.
Шымылдығым құрулы,
туырлығым түрулі,
Өткен күннен белгі боп жетті біздің күндерге.
Өткен күннен белгі көп,
ана тілім – қазынам,
Сені жұтсам балдайын,
сырқатымнан жазылам.
Жақсы сөзді сондықтан жатпай-тұрмай іздеймін,
Бал арасы секілді өмірімнің жазынан.
Сырт айналып бір күнде дос-жарандар ұғысқан,
Күндер жетті суысқан,
қайыр кетті туыстан,
Ұмыт қалып өсиет,
жиылды да қасірет,
Сүтпен сінген қасиет шығып кетті уыстан.
Әке тілін ұл алмай,
шеше тілін қыз алмай,
Баламызбен тілдестік өзге тілде қызармай,
Енді отырмыз өзіміз тастай қылып қатырған
Көбе-қарды сөге алмай,
қалың мұзды бұза алмай.
Жолбарыстай қайратты,
арыстандай айбатты
Ерлерімді ездер кеп абақтыға айдатты.
Арып-ашқан халыққа нәр беретін жан қалмай,
Піскен сүттің бетінен қалқып алды қаймақты.
Енді көрсем ең алып бәйтеректер сыр тұнған,
Бұтақтары тоналып,
тамырлары қырқылған,
Күнім туды десем де, жалбаңдаған канден ит
«Аман жүр деп бұл неге?» – абалайды сыртымнан.
Әзәзіл боп шықты ма келген қонақ төрдегі,
Тас жатқанын қойнында неге көзім көрмеді?
Қорсылдаған доңыздың асыл текті тұлпармен
Қанша семіз болса да, терезесі тең бе еді?!
Біреу зар боп балаға,
ит жетелеп біреу жүр,
Көзін қадап далаға,
іште мысық тілеу жүр,
«Қыстың көзі қырау» – деп, тоқтатпасам сөзімді,
«Не айтып кетті мынау?» – деп тілеулестер ренжір.
Тілі тәтті болса да, діні қатты шешеннің,
Кіндігінің тек қана қамын жеген көсемнің,
Сөздеріне иланған,
көппен бірге қиналған,
Жайын ұқпас кеселдің,
о, не деген есермін?
Жалған сырын білсе де, көкірегінде мың арман,
Өзін ұқпай жүрсе де, өзгелерді ұға алған,
Көрген өмір азабын
бала мінез қазағым
Жыланды да үйге енген айран құйып шығарған.
Сыбағадан құр қалып жүрсек-тағы анық біз,
Нұрды аспаннан, қуатты жерден алған халықпыз.
Күннің көзін бұлт басып, жерден табан тайғанда,
Ішіп алып есірткі, есімізден таныппыз.
Сүйтіп жүріп қазақтың маңдайынан күн туды,
Одақ деген олақтың тар астары жыртылды.
Көрсете алмай қарсылық
жатқан шалғын жаншылып,
Бойын тіктеп, қайтадан тіршілікке ұмтылды.
Ту астына жиылып,
таудай болып үйіліп,
Батыр бола бастадық бабаларға сыйынып.
Өктем, озбыр мінезді өзімізге көрсетіп,
Тек кетпесек болғаны қар суындай сұйылып.
Қайта көктеп, көгеріп,
жапырақ жайып тіліміз,
Тереземіз теңеліп,
көкке жетсін үніміз,
Жалпақ жатқан жалғанды көктей өткен тіріміз,
Көп халықтың піріміз,
аз халықтың біріміз.
Билеп-төстеп жүргеннің сыпырылды пердесі,
Дөңгеленген жерде осы тоқтамасын ел көші.
Қайта айналып қазығын оралғанда қазынам,
Шашу болып шашылсын қазағымның теңгесі.
2.
Тізеліні тізерлетіп,
басы барды еңкейткен,
Есіл ерлер еңіреген туған жерін көркейткен.
Басқа жұртқа бодан болып тұрғанда да бұқпаған,
Адамдықтың, адалдықтың әппақ туын жықпаған.
Бүлінгеннен бүлдіргі алмай, қанағаты тойдырған,
Жетімдер мен жесірлерді жиып алған ой-қырдан,
Жақынына бөліп берген жолдан тапқан олжасын,
Орамал боп сүртіп алған жылағанның көз жасын.
Тілім нанды өзі жемей, көршісімен бөліскен,
Алыстағы ағайынмен құшақтасып, көріскен,
Қиындықта қабақ шытпай,
тартқан тағдыр ауырын,
Сен не деген аяулы едің, айналайын, бауырым!
Үйір-үйір жылқыларың Сарыарқаны шаңдатқан,
Найзасымен жауды үркітіп, қабағына қар қатқан,
Ұлы құл боп, қызы күң боп өмір сүре алмаған,
Шырылдаған торғайы да кеңістікте самғаған.
Саусағынан күй төгіліп, көмейінен бал тамған,
Жарық нұрды алақанға тосып алған әр таңнан.
Балалары анасының бесік жырын есіткен,
Атта жүрген кейде белі шықпай жатып бесіктен.
Ана тілін еміп өсіп, уызынан жарыған,
Перзенттері намыстарын қайратына жаныған.
Үсті-басын су қылмаған көрсе де өмір жауынын,
Сен не деген аяулы едің, айналайын, бауырым!
Өз ішінен шықпаса егер, сырттан келер қасы жоқ,
Жағаласқан дұшпанынан аңдып жүрген досы көп.
Тұлпар көрсе қыз көргендей елпілдеген, елірген,
Түске дейін есі бар да, түстен кейін есі жоқ.
Жалғыз қойын сойып тастар қонағына құдайы,
Тар жерде де төрінде асқақ отыратын ұдайы,
Жыртық үйдің құрай алмай отырса да жамауын,
Орындайтын өліп-талып мейманының қалауын.
Сыртқа жүнін тікірейтіп, арықтығын білдірмей,
Бір шаруаға үлгірсе де, мың шаруаға үлгірмей,
Көріп жүрген бұл жалғанның құйыны мен дауылын,
Сен не деген аяулы едің, айналайын, бауырым!
Тірілерге қызмет қылып, қадір тұтқан өлгенді,
Балалары құйма құлақ,
келіндері көргенді,
Ақылына көркі сәйкес ару қызы қылықты,
Қосшылары қайырымды,
басшылары білікті,
Жандары асыл, бары басым, «жоқ!» – деп айтар сөзі жоқ,
Мінген атын жаяуларға түсіп берген кезі көп,
Інілері ілтипатты,
ағалары ардақты,
Аналары мейірімді,
әкелері салмақты,
Қыдыр қонып, бақ дарыған шаңырағы аталы,
Некелері негізді де,
дастарханы баталы,
Тауқіметі көп болса да, ұмытпаған сауығын,
Сен не деген бақытты едің, айналайын, бауырым!
Қиындықта қабақ шытпай, тартқан тағдыр ауырын,
Үсті-басын су қылмаған көрсе де өмір жауынын,
Көріп жүрген бұл жалғанның құйыны мен дауылын,
Тауқіметі көп болса да, ұмытпаған сауығын,
Сен не деген аяулы едің, айналайын, бауырым,
Сен не деген бақытты едің, айналайын, бауырым!
3.
Тәуелсіздік Алматының алмасы емес топ еткен,
Мата да емес артылған соң кесіп берген етектен.
Тар жол, тайғақ асуларда
жүрген ізін мұз еткен,
Жалғызаяқ талай соқпақ жолаушыны жүдеткен,
Тәуелсіздік бабамыздың аңсап өткен мұраты,
Қатал қыста, сары аязда табанынан сыз өткен.
Тәуелсіздік – тамаша сөз жарып шыққан жүректен.
Есім хан мен Қасым ханның ескі, қасқа жолдары,
Абылай мен Кене ханның жер қайысқан қолдары.
Шәкәрімнің торығуы,
Құрманғазы арманы,
Махамбеттің бұлқынуы жаралы аңдай тордағы,
Мұның бәрі үлкен іске дайындықтай алдағы,
Тәуелсіздік асуының батпан-батпан салмағы,
Тәуелсіздік – еркін елдің тастай берік қорғаны!
Таудай талап, қайрат қылған кісі болса тырбанар,
Тәуелсіздік – қайнар көзі жаңа ашылған жылғалар.
Елдің жүзі тәуелсіздік сәулесімен нұрланар,
Көздің жасы қарияның жанарынан сырғанар,
Желі үдеген Желтоқсанда айбар берген тұлғалар,
Бір жұтым су, іздеп келген кісі болса, бір қанар,
Тәуелсіздік!
Бұл мәңгілік тақырып қой жырланар!
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі