Базардан қайтар жолдағы ой
Бұл бетте «Базардан қайтар жолдағы ой» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Асыл арман арқасында
Көптен күткен күнге жеттік бүгінгі,
Өшкен жанып, өлгеніміз тірілді.
Ел басқарған ханымыз,
Қол бастаған батырлар,
Ақиқатты ашып айтар, ашына айтар ақындар,
Есіл ерлер көк төсінде найзағайдай шатырлар
Бәрі, бәрі тірілді…
Ей, тірілер, тірілер!
Естимісің енді менің үнімді,
Тыңдаймысың жырымды,
Тау басынан лықсыған селдейін
Ақтарайын сырымды.
Абылай ханның даңғылында арақ ішіп каңғыған,
Бозбастарды көре қалса, не дер еді хан бұған?!
Ай дер ажа, қой дер қожа болмаса,
Жақсы емес-ау ол да аса,
Тақия жоқ басында,
береке жоқ асында,
батасы жоқ аузында,
Қаладағы шалдың көбі алжыған.
Бесік жырын айта алатын ана да аз
Сәбиіне ұйқылы-ояу қалғыған,
Сол анасын Меккеге апаратын бала да аз,
Не дер едік ал бұған?!
Батыр баба, аруағың қолдасын,
Бірақ, сенің атынды алған көшеңде,
Көшелі деп аталатын осы елде
Найза түгіл, көтере алмас дорбасын,
Жол үстіне тастай қашар жолдасың,
Жанына ерген жігіттерге бөліп бермес олжасын,
Жігіт емес, мігіттерді қалса шалып көзіңіз,
Жығылсақ та, сүрінгенге күліп жатсақ өзіміз,
Бұл заманға ол да сын!
Кім біледі, қасиетті мектебінен Ахаңның
Жолықтырып қалар ұстаз талай түрін
қасиетсіз «нахалдың»,
Қайран, батыр Қобыландының ұрпағы
Қалай азып кетті екен
Ісін істеп шіркейдін, асын ішіп атанның,
Қара бастың барлық қамын жиып қойып бір шетке,
Мұнын ойлар жандар көп пе атамекен – Отанның?!
Бір қылжақбас гитарамен әнін салса Мағжанның,
Мүмкін бе оны түсінуі қарақат көз Тоғжанның?!
Бояулармен баттасқан бет жайраңдап,
Би билесе бөкселері тайраңдап,
Экраннан сілекейін шашады
Тозған заман, азған күн.
Ал мен болсам…
Қайтып келе жатқан жанмын базардан,
Сондықтан да қаймықпаймын ажалдан!
Сескенем тек өмірден,
Жалған тірлік болып сусып
Маған жылжып келе жатқан өлімнен!
Арсыздық пен қансыздықтың салдары,
Егер менің кезім болса жеңілген,
Тірілейік деп тілеймін, тірілсек,
Бізге деген таза, мөлдір көңілден.
Өшкен жанса, алаулайтын от керек,
Қоламтада өшпей қалған шоқ керек,
Қайтер еңдер, ағайын!
Барлығымыз жиылып,
Бабалардың аруағына сиынып,
«Өшкен жанды, тірілді деп өлгенім», –
Азан-қазан қылып ішін бөлменің,
Дауысымыз жаңғырып,
жатқан шақта даурығып,
Жолыққанда бетпе-бет,
Сол бабалар, ақылы асқан даналар
Қайтып кетсе тірілерге өкпелеп?!
Көкейімде аршылмаған жатыр мұң,
Бұл бір сәттік көңіл күйі ақынның.
Ойлы оқырман!
Кінәласаң, өзің біл,
Саған айтар сөзім бұл!
Сенің саудаң қызу болсын, бітпесін,
Өмір талай тауқіметін жүктесін.
Саған, бәлкім, керегі жоқ ақылдың,
Өйткені, мен ығы-жығы базардан
Күйіп-пісіп қайтып келе жатырмын…
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі