Ағайын, менің сырымды ұқ!
Бұл бетте «Ағайын, менің сырымды ұқ!» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Шыңында жүрсең арманның,
Мәнісін білсең жалғанның,
Ағайын, менін сырымды ұқ!
Аузына жетпей өз қолың,
Олжасы болып өзгенің,
Неліктен, неге қырылдық?
Ұрлық пен қарлық тыйылмай,
Көмейге тығын қойылмай,
Көгермей жатып жұлындық.
Қамдатып асты салаққа,
Кір қолды созып табаққа,
Настықтан біздер қырылдық.
Ілгері бассақ, кер кетіп,
Бауырына аттың ер кетіп,
Биіктен төмен сырылдық.
Ащыдан біраз татып ап,
Ауруды пұлға сатып ап,
Мастықтан біздер қырылдық.
Мұхитқа келіп жете алмай,
Желкенді керіп кете алмай,
Қайраңға барып ұрындық.
Оң менен солды танымай,
Уызға жастан жарымай,
Жастықтан біздер қырылдық.
Қабырғамыз қайысып,
Бұғанамыз майысып,
Аш күзендей бүгілдік.
Жаттың пейілін сынамай,
Қол жайып, қайыр сұрамай,
Аштықтан біздер қырылдық.
Діттеген жерге жеткізбей,
Үйренген белден кеткізбей,
Орта жолда кідірдік.
Бітпейтұғын дау шығып,
Іштен жарып жау шығып,
Қастықтан біздер қырылдық.
Тура биде туған жоқ,
Туған биде иман жоқ,
Тура жолдан бұрылдық.
Әр тарапқа пышырап,
Індеткен дертке ұшырап,
Бостықтан біздер қырылдық.
Тізгінді беріп кещеге,
Тілімді сеніп бөспеге,
Өнбейтін даудан жығылдық .
Қарақан басын күйттеген,
«Қарағым, үйт те бүйт!» – деген,
Бастықтан біздер қырылдық.
«Көзіңнін жасын төкпе!» – деп,
Өткенге қылсаң, өкпе көп.
Келешек күнге не дейсің?
Өмірдін тарттың азабын,
Достықтан енді, қазағым,
Тұқымың сенің көбейсін!
Абылай ханның асында
Үмбетей жыраудың ізімен
Абылай ханның асында
Жұрт жиылып тұрғаны-ай!
Көкшетаудың басында
Бұлт түйіліп тұрғаны-ай!
Шапқан жүйрік сүрініп,
Шабандоздар жығылып,
Жерге маңдай ұрғаны-ай!
Ей, Абылай, Абылай!
Ұлан-асыр тойыңда
Ештеңе жоқ ойыңда,
Кей жерлесің жетісіп,
Көздерінің еті өсіп ,
Бірін-бірі тыңдамай,
Арақ ішті, бұл қалай?!
Ей, Абылай, Абылай!
Айтарым бар тағы да-ай.
Мұңын ұғар даланың,
Жаны жайсаң ағанын,
Көкірегі шер ме екен?
Төмен қарап, түңіліп,
Бордай болып үгіліп,
Мұнда неге келді екен?
Қара керей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Қаз дауысты Қазыбек,
Шақшақұлы Жәнібек,
Кетсе кенет тіріліп,
Көрсе бізді үңіліп,
Жалыны жоқ, жылусыз,
Жігері жоқ, қынусыз,
Қоян болған ұрпағын
Өз нәсілім дер ме екен?!
Күндердің күні болғанда,
Арнаға су толғанда,
Етектен алған жауызды
Етікпен езбей тынбайтын,
Жағадан алған жауыздың
Жағасын жыртпай тынбайтын,
Атаға тартқан ұл туып,
Ел-жұрттың қамын жер ме екен?!
Ей, Абылай, Абылай!
Сен жегенмен сары май,
Қымыз ішкен қазағың
Ауыз суға жарымай,
Тартып тағдыр азабын,
Шашылды ғой тарыдай.
Көкшенің көк тасы да
Не көрсе де шыдайды.
Оқжетпестің басында
Бұлт күрсініп, жылайды.
Бүгін сенің асыңа
Қалай ғана келді екен
Ұмытқандар Құдайды.
Ей, Абылай, Абылай!
Көз сал менің халыма-ай!
Қайда кетіп барамын,
Кетілмеген талабым,
Жетілмеген баламын.
Шалғай жатқан ауылдан
Шақырусыз кеп қалсам,
«Кет!» деймісің, Абылай!
Жетісуда Қабанбай,
Сарыарқада Бөгенбай,
Ел қорғаған батырын
Жырға қосқан ақыным.
Қосылмаса бастарың
Кімге керек астарың,
Басын қосып солардың
Кетпеймісің, Абылай!
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі