Ыбырай мен Нұржан

Бұл бетте «Ыбырай мен Нұржан» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Нұржан өнеріне жазушы Сәбит Мұқанов «Халық мұрасы» кітабында кең тоқталып, академик жазушы оны дарынды ақын деп бағалайды.«Нұржан жасынан пысық, әрі ақын, әрі шешен, әнші, күйші, балуан жігіт болып өседі де, Троицк медіресесінен жақсы білім алып, ер жете «орта» аталатын дәулет құрады. Содан кейін «игі жақсы» дейтіндермен, әсіресе Ыбырай Алтынсаринмен жақындасып, күндерінің көбін солармен бірге өткізеді. Ыбырай Нұржанды жоғары бағалайды. Ол өзінің құдасы Қауменнің үйіне Нұржанды ертіп барғанда: «Құда, көп кісімен неге келмедің?», – десе керек, сонда Ыбырай Нұржанның өнерлерін атай келіп, «осыдан артық көп бола ма?!», – деп жауап берген екен.

Есте жоқ жылы қай жыл, күні қай күн,
Ауылына Қаумен атты ірі байдың.
Алыстан ат сабылтып, құда болып,
Әйтеуір, келгені анық Ыбырайдың.
Отырған елден жырақ Қаумен болыс,
Сөзіне қойған құлақ қазақ-орыс.
Ту десе түкірігі жерге түспес,
Жайлаған жаз жайлауы – құтты қоңыс.
Кімің бар Ыбырайға тең келгендей,
Ғаламның барлық сырын меңгергендей,
Жанында жан жолдасы – жалғыз жігіт,
Жалғызды жиылған жұрт кем көргендей.
Басынан екі жастың өтті бір іс,
Жанашыр жақындары кепті тегіс.
«Келер деп көп кісімен күткен едік,
Ыбеке, мұның қалай?» – депті болыс.
Қонақты күткенімен жаны қалмай,
Айтылған сөздің мысы әлі бардай.
Отырған көпшілікке бетін бұрып,
Саңқ етті сонда Ыбырай қоңыраудай:
«Бұл жігіт Наушабайдың Нұржаны еді,
Жалықпай өнер қуған бір жан еді.
Жасы дәл жиырма бесте қылшылдаған,
Жасынан ойын-сауық құрған еді.
Жырларын естіген ел тамсанатын,
Күй тартса, бармағынан бал таматын,
Ән салса, желпілдетіп түңдігіңді,
Алдынан қыз-бозбала қарсы алатын.
Бүркітші тобымен құс алып жүрген,
Шабандоз жүйрік аттың бабын білген,
Көрмеген жауырыны жерге тиіп,
Марқасқа жігіттермен сәнім кірген.
Қас мерген көзге ататын құралайды,
Сөз айтса, жұрттан қарыз сұрамайды,
Осыдан артық тағы кімдер керек,
Құдалар бізді не деп кінәлайды?!»
«Па, шіркін!
Сөз-ақ екен! – деді бірі, –
Жігіттің болады ғой сегіз қыры.
Жан екен он адамға айырбастамас,
Әрине, айтса кетер көңіл кірі».
Кім батып жоқ міндерін шұқыласын,
Мұндайда ән салмасаң ұтыласың,
Нұржан да қолына алды домбырасын,
Аударып өзіне көп ықыласын.
«Жапанда жүрмін заулап ор киіктей,
Сағымдай ұшқан тозаң көзге ілікпей.
Ия, жақсы, жаман болсын, жігіт адам
Кете ме жиырма бесте бір желікпей.
Майда бол, жігіт болсаң, тал жібектей,
Жақсы емес қатты болу тікенектей.
Бідімің ұшан-теңіз болса-дағы,
Пайда жоқ өз халқыңа қызмет етпей».
Әр сөзі шын ақынның мың қаралық,
Ғибрат, өнеге көп үлгі аларлық.
Ғажап үн самғап шығып зеңгір көкке,
Жебедей тыныштықты өтті жарып.
Есте жоқ жылы қай жыл, күні қай күн,
Қашан деп тағы ешкімнен сұрамаймын.
Қалды жұрт сонда ғана бір-ақ танып,
Кім екенін Нұржан мен Ыбырайдың.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері