Мешін жылы

Бұл бетте «Мешін жылы» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Мешін жылы Түйеліде киелі
Қалды қурап қазақтардың сүйегі.
Көзі көрген қасіретін нәубеттің
Кемсеңдейді қарияның иегі.
Шөгіп қалған ардагерлер жаны игі,
Түйеліні бұл күні кім таниды?!
Жол бойында бадырайтып жазылған
Қарғыс атқан жазу мұздай қариды.
Құлағымда нәрестенің шырылы,
Аш-арықтың, әлжуаздың қырылы.
Қатал қыста қысырақтың үйірін
Буындырған сұм-ажалдың құрығы.
Мекен осы «асыра сілтеу болмаған»,
Болмаса да, аша тұяқ қалмаған,
Әмірімен әңгіртаяқ әкімнің
Аты қалған Голощекин – оңбаған.
Араны ма қасқыр көзді аштықтың,
Қамалы ма қанды қолды қастықтың,
Бір-ақ күнде қасиетті жер аты
Өзгеріпті қалауымен бастықтың.
Көргенімен қастықтың да тозағын,
Тартқанымен аштықтың да азабын,
«Арым – жаным садағасы» – дейтұғын
Қайыр сұрап телмірмепті қазағым.
Соққан сайын желтоқсанның желі үдеп,
Қыршындарды еске алады төңірек.
Қай жерде екен «белсенділер» кешегі,
Жатқан жоқ па жанын оның жегі жеп?!
Кеше елімнің бұзған болса ұйқасын,
Бүгін жердің шығарыпты құйқасын,
Жер-ананың болам десең перзенті,
Туған жерге тәжім қылып, сүй тасын!
Осы жерде ата-баба қаны бар,
Күйінішті, сүйінішті әні бар,
Жер тарихы – ел тарихы ежелден,
Келер ұрпақ, тарихыңды танып ал!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері