Төрт түлік туралы толғау

Бұл бетте «Төрт түлік туралы толғау» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бабамыздың үйінен салған сайран,
Үзілмеген шұбат пен қымыз, айран.
Жылқы мініп жорықта болса майдан,
Бейбіт күнде өріске малын жайған.
Қойдың жүні, қоп-қою қойдың сүті
Болған жоқ па бір кезде елдің құты.
Түйе бастап баратын көште болған
Көшіп-қонып күн кешкен пенде үміті.
Елдің жайын айтқызбай ері білген,
Айырылмаған қазағым сенімінен.
Арқан өріп, тері илеп, қайыс тіліп,
Күнін көрген сиырдың желінінен.
Қоңысына кез болса төрт түлік сай,
Өріс кеңіп, құт келіп, көбейген бай.
Дастарханға сән болған қазақы дәм,
Құрт,ірімшік, қаймақ, жент, сап-сары май.
Адал астың жеп жүрміз бұйырғанын,
Қазы-қарта, сірнесін, қуырдағын.
Қой жүнінен жасалған киіз үйде
Көп қазақтың білеміз туылғанын.
Жылқының да етін жеп, сүтін іштім,
Ізі де жоқ сол үшін өкініштің.
Жылқы – көлік, жылқы – сән, жылқы – киім,
Бастауында тұратын бүкіл істің.
Кішкентайдан баулыған жас түлегін,
Сол қазақтың ұмытқан дәстүрлерін,
Арамзалар арада пайда болып,
Күндіз күлкі, түнде ұйқым қашты менің.
«Жылқыларға жанымыз ашиды» – деп,
«Қойдың еті қоламса сасиды» – деп,
«Сипағанды білмейді сиырлар» –деп,
Аузы ашылған жараны қасиды кеп.
Ойсыл қара, Шопан мен Зеңгі баба,
Қамбар ата жас төлге болған пана.
Аттың жалы, түйенің қомында өскен
Қасиетті даладан жиған бала.
Төрт түлігім – тілеуі қуат-күштің,
Төрт түлігім – тірегі төрт бұрыштың.
Қазақ халқын ұйытқан, ұйытқы болған,
Іргетасы құт пенен күллі ырыстың.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері