Жетім қабір

Бұл бетте «Жетім қабір» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Болса болды деп ойлаған бас аман,
Дінін сатқан, тілін сатқан осы адам.
Бұралқы иттей ел соңына ілескен,
Көш бастаса кәдімгі Иван-есалаң.
Мақұрым боп салт пен дәстүр, ғұрыптан,
Анасын да әлдеқашан ұмытқан.
Беріш болып қатып қалған кеудесін
Анда-санда жүз граммен жылытқан.
Көріспеген көптен туған елменен,
Туыс қылған көк аттыны көлдеңең.
Баланың да естілмеген у-шуы,
Үйіне бір мейман кіріп көрмеген.
Сыпыра алмай мойындағы ноқтасын,
Ауылына бұрғыза алмай ат басын,
Азат болған мына құлдық тірліктен,
Табытының тарс жапқанда қақпасын.
Жетпеген соң тәубасы мен сабыры,
Мұсылманға болмаған соң қадірі,
Жел өтінде жетімсіреп тұр енді
Христиандар бейітінде қабірі.
Біреулерге ұнамасын, ұнасын,
Бұл фәниден кетті талай шын асыл.
Марқұм жайлы ғайбат айтып тұрмын ба,
Кешір, Алла, тәуба қылса, күнәсін!
Бұл жалғанда бола алмадым шыдамды,
Міңезім де талай-талай сыналды.
Таудан үлкен, тастан ауыр болса да,
Кешір, Алла, жалбарынам, күнәмді!
* * *
Ерінбестен еңбек етіп жиған бал,
Алған білім саналыға құйған нәр
Жақсылыққа, жаңалыққа жұмсалса,
Соның бәрі – иманнан.
Аман шықсаң қанды қырғын – майданнан,
Орындалса армандарың ойға алған,
Жарылқаса Жаратушы жар болып,
Соның бәрі – иманнан.
Тез тозады киген тон да сыйға алған,
Ұмыт болар кездерің де қиналған.
Тәуба қылсаң аман жүрген күніңе,
Соның бәрі – иманнан.
* * *
Жауын жауса бір жерде,
Жай түседі бір жерге.
Жайбарақат жүргенде,
Жау жатады іргеңде.
Жатырқамай жатты онша,
Жаңаны айтсаң, жақ талмас.
Жақсылығың жоқ болса,
Жақының да көп болмас.
Жалған бетін жапқасын,
Жатар жерің – тастай көр.
Жаратушым – жақтасым,
Жақсылыққа бастай көр!
* * *
* * *
Адамның алдауы –
Шайтанның арбауы.
Арамды қолдауы –
Шайтанның шырмауы.
Шаттаққа шырмалсаң,
Тұтқындай тордағы,
Жақсыны құп алар
Сенімнің болмауы.
Ұшпаққа бастаса
Үмітің алдағы,
Шырмаудан шығарар
Алланың қолдауы.
* * *
Шыққан бала жарыққа төңірегін қармайды,
Нұр түспесе санаға қара түнек орнайды.
Есі кірмей ер жетсе – ата-анаға сол қайғы,
Ар-ұятын сақтаған намысын да қорғайды.
Жетем десе тілекке – жаман іске бармайды,
Иман болса жүректе – биіктерге самғайды.
Жүрген болса жан сақтап, оты лаулап жанбайды,
Қолы жетсе мансапқа, өзін өзі алдайды.
Түк көрмеген наданның жақсы аты да қалмайды,
Сенімі жоқ адамның мақсаты да болмайды.
* * *
Таусылған күні талқаны,
Адамның жоқ қой жаманы.
Төнгенде бұлттай сор тағы,
Жаман сөз мүлде айтылмас,
Жиындар өтсе қаралы.
Жатқандар қазып қабірін,
Жер жұмсақ болса, қуанар.
Кім білген тірлік қадірін,
Арада жылдар өткен соң,
Сол жерді, бәлкім, су алар.
Көңіліне қарап тірінің,
Өлінің қайта қамын жеп.
Ұшында тұрған тілінің
Үйренген сөзді айтамыз:
«Жәннатта болсын жаны!» – деп.
Тілектер қандай тамаша,
Күнәсі болса, кешірген.
Сұрамай, бірақ, араша,
«Кешірер бәрін Алла!» – деп,
Пенделер аз ба есірген?
«Көтерген бәрін жер» – деген,
Молдалар дұға оқырда,
Құдайдан қорқып көрмеген,
Жақсылық жасай білмеген,
Жатар ма тыныш ақырда?!
* * *
Тұрақ таппай елінен,
Тартқан болса құл азап,
Жүйке жеген жегіден
Құтқарады мінәжат.
Қанша айтсақ та жақсыны,
Ауыр ойдан кім азат?!
Жауыздық пен нәпсіні
Тойтарады мінәжат.
Бастан бағы ауғалы,
Болғандарға жүре жат.
Мейірім мен тәубаны
Қайтарады мінәжат.
Таба алмаса жарасым,
Кеткен болса кім ағат.
Жүректегі наласын
Айта алады мінәжат.
Сақтамасаң арыңды,
Кімге керек құр атақ?!
Жабырқаған жаныңды
Жадыратар мінәжат.
* * *
Өмір бойы қасыңда емес
Әке-шешең болған қорған.
Тура жүріп, алсаң кеңес,
Алла ғана бірге болған.
Шаңыраққа бақ па, сор ма,
Қыдыр дарып, кімге қонған?!
Түспей торға, шықсаң ордан,
Алла ғана бірге болған.
Қастықты ойлап жатса-тұрса,
Жатқан жері түрме болған,
Қарақшы да иман қылса,
Алла ғана бірге болған.
Кім көнбейді, басқа салса,
Тартылған су, күйген орман…
Жүрегіңде қорқу болса,
Алла ғана бірге болған.
* * *
Білмейсің ғой, білмейсің,
Шайтан деген кім дейсің.
Ол жаныңда жүргенін
Қалай ғана көрмейсің?
Шашы сары, көзі көк,
Былжыраған сөзі көп,
Айтқандары өтірік,
Аузы тұрған көпіріп.
Өнері жоқ, ұлты жоқ,
Дәстүрі жоқ, ғұрпы жоқ,
Тұқымы жоқ, тегі жоқ,
Туып-өскен елі жоқ,
Батпан құйрық бөксесі,
Ешкітұяқ өкшесі,
Ана сүтін ембеген,
Ата сыйлап көрмеген,
Жау іздеген маңайдан,
Жүректері қарайған,
Өріп кетті шайтандар,
Ағайындар, байқаңдар!
* * *
Бұлақтан мөлдір бас алып,
Қаншама ғұмыр жасадық?!
Қазы мен қарта кертіп жеп,
Жал менен жая асадық.
Құбылып заман райы,
Ұмытып адам Құдайын,
Беделдер қолдан жасалып,
Көбік сөз тасқа қашалып,
Бітпеген істі доғардық,
Көрінбей жатып басы анық.
Жесірді демей алмадық,
Жетімді жебей алмадық,
Отырған көзге жас алып.
Жүргенде жүдеп аш-арық,
Шайтанды қумай тас алып,
Кемпірлер қыздай жасанып,
Жасамыс жігіт жасарып,
Жүруін бұлай қоймаса,
Міңезін жеңіл жоймаса,
Кемпірбет шалдар бір күні
Қалуы мүмкін «босанып»…
* * *
Дайындап сынаққа,
Жан салған құр етке,
Алла аты – құлақта,
Алла аты – жүректе.
Ашқалы көзімді,
Үйреткен ілімге,
Бол деген төзімді,
Алла аты – тілімде.
Шыдасам ауырға,
Тазарса жаным да,
Алла аты – тамырда,
Алла аты – қанымда.
Туғалы, расында,
Көрсеткен сыйын да,
Алла аты – басымда,
Алла аты – миымда.
* * *
Сабыры көп,
Өсегі жоқ,
Көңілі тоқ –
Көрдім абзал пендені.
Сырты діншіл,
Іші күншіл,
Сөзі былшыл –
Жаратпадым езбені.
Кең пейілді,
Мол мейірлі,
Нық түйінді –
Пиғылдарға шөлдедім.
Арды білсең,
Тура жүрсең,
Хаққа сенсең –
Зая кетпес еңбегің.
* * *
«Барлығы Алланың қолында!» –
Дегенді естиміз жиі біз.
Ол сонда ұқсай ма Адамға? –
Ойлауға жетпейді миымыз.
Құдайдың жаусын деп рақымы,
«Шалынсын құлаққа!» – деседі ел.
Сол сөзді айтуға батылы
Жеткенді, Жаратқан, кеше көр!
Үкімін жүргізген әлемге,
Көктегі Күн менен Айға да.
«Бір Алла көріп тұр!» – дегенде,
Көзімен көрді деп ойлама.
Бастан көп тауқімет өткенде,
Дін азған, жер тозған елденбіз,
«Көрмеді, білмеді…» – деп кейде
Асылық айтқанды көргенбіз.
Иманды адамдар сенетін,
Заңдары жазылған Құранда,
Жасайтын, Еститін, Көретін
Баршаға жар болған – Бір Алла!
* * *
Әппақ жағаға
Жұққан қара дақ
Жанды тағы да
Кетті жаралап.
Борсып, бүлінген,
Қатқан лай ма,
Жердің түбінде
Жатқан мұнай ма?!
Шілдің боғы ма,
Көмір шоғы ма,
Күлдің табы ма
Тиген қолыма.
Келдім тобаға,
Ақ қой күллі арман.
Жалғыз жаға ма,
Жең де былғанған.
Жүрек тазармас,
Кетпей толған шаң.
Құрыс жазылмас,
Кірге қор болсаң.
Қара ағару
Соқпас жеңілге.
Ақты қарайту
Оңай бүгінде.
Қалай болса да,
Қонған күйені
Жаурап-тонса да,
Күйіп-жанса да,
Жуған киелі.
* * *
Сөздің басы – бісімілла,
Бісімілласыз іс қылма!
Бір Аллаға сиынып,
Ыбырай: «Білім ал!» – деген.
Алла ісіне сүйініп,
Абай: «Адам бол!» – деген.
«Хаққа мойын бұр!» –деген,
«Ғалам сырын біл!» –деген.
Тура жүрсек болғаны
Солар салған жолменен.
* * *
Шуағын төгіп Жаратқан,
Күлімдеп талай таң атқан.
Қаншама ғасыр өтсе де,
Оралмай дәурен кетсе де,
Адамдар болған даурығып,
Қабаққа қырау қондырып,
Айтаққа ерген далақтап,
Қалса да тамақ қарлығып,
Өсегін қардай боратқан.
Ішпеген тойып тамақтан,
Ит тартып жатса балақтан,
Ит көрген ешкікөзденіп,
Күндегі қалпы өзгеріп,
Жалғанның көзі алақтап,
Қарасаң байқап, кетіпті
Шындықтың тілі салақтап.
Барын да біреу тонатқан,
Арын да біреу жоғалтқан,
Жаралы қылып кеткен бе
Тасадан көздеп оқ атқан.
Сенбейді келер көктемге
Санда бар, шыққан санаттан.
Бас алмай біреу арақтан,
Аса алмай біреу жолақтан,
Жанбай да қалған шырпы көп,
Шыға алмай титтей қораптан.
Ғалымның жаққан май шамы
Жарығын алыс таратқан.
Жетем деп көкке секіріп,
Жығылып, тізе қанатқан,
Абайсыз алып екілік,
Баладай келген сабақтан,
Аузымды басып, кекіріп,
«Бардым деп неге?!» – өкініп,
Келемін қайтып қонақтан…
* * *
Төрге асығып не қылады,
Ар жағында көр жатыр.
Күні бітсе жығылады
Босағада сол пақыр.
Қандай жазмыш тосады алдан,
Ғалым ба, әлде ақын ба?!
Алып шығып босағадан,
Жөнелтеді ақырға.
Соқпайды енді өлі жүрек,
Бермейді ешкім түстік ас.
Босаға жоқ, төрі де жоқ,
Жатқан жерде үш құлаш.
Айналғанда күн де түнге,
Төңірегің жым-жылас.
Төмпешік көп жер бетінде,
Көбінде жоқ құлпытас.
Ертең жоқсың…
Бүгін барсың!
Келдің бе ас қорытуға?!
Сөз түсінер ұрпақ қалсын,
Дұға оқитын артыңда.
* * *
Ырзалығы үшін Құдайдың,
Қадірін біліп күн, айдың,
Бес күндік мына жалғанда
Не көрсем де шыдаймын.
Он екі мүшем сау болып,
Құт пенен ырыс бар болып,
Жаратқан жалғыз жар болып,
Мінажат етіп тұрайын.
Жоғалмай жұртқа сенімім,
Жеткендей көкке көңілім,
Мағыналы өтсін өмірім,
Алла, сенен сұраймын!
* * *
Өсірдік қанша жәннаттың малын,
Құрбандық шалдық қаншама?!
Ұмытпау керек тозақтың барын,
Жанымыз таза болса да.
Қанша рет ауыз ашқызып елге,
Ұстасақ-дағы ораза,
Қақпасын тірлік жапқызып демде,
Болары анық жаназа.
Солардың бірін жасамай тіпті,
Адасып жүрген пенде көп.
Босамай кірден көңілі күпті,
Оларға қылар ем де жоқ.
Біреулер бекер өкпелеп сөзге,
Не демес сырттан дұшпаным?!
Толтыру қиын ортайған кезде
Көңілдің олқы тұстарын.
Бергендей сусын келгенге шөлдеп,
Жазылар жанның жарасы.
«Өмірді дұрыс сүрдім бе мен?» – деп
Артыңа бір сәт қарашы.
* * *
Бұл дүнияға келген кезде,
Ақыл-есім кірген кезде,
Тұрсам, жүрсем,
Ойнап, күлсем,
Білсем, көрсем деп едім.
Кидім, сүйдім,
Іштім, жедім,
Бұл жалғанның қызығына
Әлі тоймай келемін.
Бәрін білу,
Бәрін көру
Мүмкін емес…
Сенемін!
Сондықтан да арманда боп,
Сабыр қылып жалғанға көп,
Жер қойнына кіремін.
* * *
Сүйдім-күйдім, өлдім-өштім,
Жетемін деп арманға.
Мен де жұмақ-ғұмыр кештім,
Мына алдамшы жалғанда.
Арасында екі кештің
Дұшпан қастық қылғанда,
Мен де тозақ-ғұмыр кештім,
Мына алдамшы жалғанда.
Өмір осы – құралатын
Қуаныш пен азаптан,
Өмір осы – сынға алатын,
Құтқара ма тозақтан…
* * *
Ауырған соң жүрегім,
Өзіңді ойлап жүдедім.
Сенсіз маған өмірдің
Мәні жоғын білемін.
Жүрегімнің біл емін,
Жалғыз қалай жүремін?!
Сені көрсем қуанып,
Сені көрсем, күлемін.
Жайнап тұрса гүл-өңің,
Арайланып реңім.
Тіл мен көзден сақтасын
Бір Алладан тілерім!
* * *
Құбылаға қарап құбылған
Сәждеге түбі жығылған.
Сөз басқа, ісі бір басқа,
Шошимын заман сұрынан.
Абайды қатты қынжылтқан,
Толстойды да алжытқан,
Түбіттей жұмсақ бұл жалған
Арылып бітпес қылшықтан.
Санамыз кірден тазармай,
Қайнайды ішім қазандай.
Бозарып атқан ақ таңнан
Отырмын тағы көз алмай.
* * *
Жер бетінде өліден де тірі көп,
Тірінің де өлмей қалған күні жоқ.
Тірі адам деп айта алмайсың, алайда,
Пенделерді құны жоқ.
Жүргендер бар көкке қарап, шіреніп,
Жүргендер бар төмен қарап, түнеріп,
«Өлі көп пе, тірі көп пе?» – деймісің,
Тірілердің көбі – өлік.
Арттағыға қалдыратын сыры көп,
Саналмайтын кеткен көптің бірі деп,
Үлгісі де, күллі ісі де өнеге,
Өліде де тірі көп.
Жақсылық пен жамандығы арбасып,
Фәни-тірлік жатары анық жалғасып.
Айырмасы тірі менен өлінің
Жүргенде емес жер басып…
* * *
Жалғыз қалсаң,
Жаяу болсаң,
Жетемін деп арманға,
Жабықпағын, қамықпағын
Жеткізбейтін жалғанда.
Жүдегенің, шаршағаның – бәрі-бәрі басылар,
Жауабың тек дайын болсын ана жаққа барғанда…
* * *
Біреу саған жәбір етсе,
Оған, жаным, сабыр ет!
Есте сақта, жылдар өтсе,
Жеңіп шығар Әділет.
Түзу жолға білгеннен соң
Түскені жөн пенденің.
Көзі құрғыр көргеннен соң,
Айтпай ма тіл көргенін.
Біреу сені ғайбаттаса,
Қой құлақты тығындап.
Көрсетсең де қайрат қанша,
Керек пе сөз шығындап?!
Елді түзеу қолыңнан да,
Тіліңнен де келмесе,
Көріп тұр ғой бәрін Алла,
Ақырын күт ендеше…
* * *
Жыға алмаса бақыттың туын қайғы,
Адал адам арамға ұрынбайды.
Оңнан солға оқылса Құран сөзі
Қаламым да сол ізден бұрылмайды.
Күйбең тірлік бос өткен жырымдайды,
Күн суытса, қос өкпем сырылдайды.
Оңға қарай жүретін сағатым да
«Уақытқа қара!» –деп шырылдайды.
Неге аспаннан қара бұлт арылмайды,
Қандай құса денеге уын жайды?!
Күйінішті басады сүйінішің,
Қуаныштан жүрегің жарылмайды.
Өлең жазсам өмір мен өлім жайлы,
Түсіп жатса аузыма сөз ыңғайлы.
«Ақын болсаң, айнытпай жаз!» – дегендей,
Құлағыма періште сыбырлайды.
* * *
Дінсіз халық – судағы үнсіз балық,
Ұят болып жүрмесе тілсіз қалып.
Мән бермейді шындыққа шырылдаған,
Әрекеті жатса да мың сыналып.
Жері тозып, жатса да елі жүдеп,
Сайраны мен жетіскен желігі көп.
Ойран болып жатса да тайраңдаған,
Діні жоқтың жұртқа да сенімі жоқ.
Дәмететін түссе деп түсім көптен,
Пайда ойлайтын аярды түсінбеп пе ең?!
Ішкен-жеген малдан жоқ айырмасы,
Діні жоққа қараймын мүсіркеп мен.
* * *
Қиратып қаласын,
Қаздырған моласын,
Адамның есіне
Алдырған тобасын.
Бір Алла әлемге
Кең жайған құлашын.
Бірде мұң, бірде бақ
Алмасып шертілген,
Өліні тірілтіп,
Тіріні өлтірген,
Бір Алла пендені
Тәубаға келтірген.
* * *
Жоқты бар қылған,
Барды жоқ қылған,
Тоқты аш қылған,
Ашты тоқ қылған,
Көпті аз қылған,
Азды көп қылған,
Қорды зор қылған,
Зорды қор қылған,
Бірде тоңдырып,
Бірде жандырған,
Асқа тойғызып,
Шөлді қандырған,
Әкелген өмірге
Жаратқан Бір Алла,
Қиямет күнінде
Тосады алдыңнан.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері