Арктика
Бұл бетте «Арктика» атты Бақыт Бұқарбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
(Өтірік өлең)
Арқасында қиялдың
Арктикадан үй алдым.
Сан түрі мұнда самсап тұр
Қызанақ пен қиярдың.
Қыдыра-қыдыра қыс елі,
Қыстай қымыран ішеді.
Қымыз күшті болсын деп,
Күбіні тынбай піседі.
Аязға жөн жоқ алаңдар,
Жейдешең жүр адамдар.
Қырау тұрған бұтақтан
Салбырайды банандар.
Өтті шапшаң он апта,
Қиын боп па жол атқа?!
Қайтарымда ақ аю
Шақырып тұр қонаққа.
Іңкәр ем тілек, батаға.
Бұл ағаң тыныш жата ма?!
Сәлем бере бардым мен
Ардақты Аяз атаға.
«Болсын» – деп. – «Дәйім жолың ән!»,
Сыйлық берді ол молынан.
Дән риза боп, дәм таттым
Қарша қыздың қолынан.
Қарасаң көзің тоймаған
Шұғыласы ойнаған
Осы жерде келген-ді
Тәтті-тәтті ой маған.
Жаратылған шоқ-күлден
Бұл жаққа «өкпем» жоқ мүлдем.
Арктикаға, ағайын,
Бауыр басып кеттім мен.
Көрдім көп жаз, көп күзді,
Жел жаңалық жеткізді.
Жауқазындар жарқ етіп,
Жарып шықты көк мұзды.
Тартқаным сол бұйданы,
Бұлбұлға толды үй маңы.
Жалаңаяқ жүрем деп,
Ұмытыппын пиманы.
Толқыған егін тоң үсті,
Көріп пе ең мұндай қонысты.
Шырайлы да, шұрайлы
Біл Солтүстік полюсті.
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі