Жеңіс күні

Бұл бетте «Жеңіс күні» атты Бақыт Бұқарбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Қасарысқан, атысөан
Өтінде қалмай өктемнің,
Бас алысқан батыстан
Байрағын толғап жеткен күн.
Жауды жермен-жексен қып,
Туын тулақ еткен күн.
Қошемет, құрмет тек сендік,
Жеңіс күні көктемнің!
Еншісіне тигенсің
Есесі кетпес епті ердің
Тәкаппар басты игенсің
Өрлігіне текті елдің.
Қол бастаған комбаттың,
Құйылған сенде қаны бар.
Бозбала боздақ солдаттың,
Қиылған сенде жаны бар.
Түрен салар түлектің,
Бұйырған сенде наны бар.
Сәулеге іңкәр жүректің
Үзілмес сенде әні бар.
О, тойы орман, даланың
Ақ түйе қарны жарылар.
Жол тосқан ару ананың
Көз жасы, сенде ары бар.
Омыраулап от кешкен
Сен - Жиырма, Отыз, Қырықсың.
Жауыздықпен кектескен,
Сен - Қаһарман Рухсың.
Бауыржандай алып боп
Кұркіреп күндей өткенсің.
Рахымжандай жарып топ,
Рейхстаққа жеткенсің.
Туғалы сойқан көрмеген,
Талайларға таңсықсың.
Елім деп туып, ерлеген
Сен - Әлия, Мәншүксің.
Тұтқиылдан түйілген
Талған сынды жасынсың.
Дұшпанға ұрей үйірген,
Хас партизан Қасымсың.
Сахара жұрты сүйінген,
Мәліктей мәрт, асылсың,
Соғысқа қарсы түйілген,
Қойнымдағы тасымсың.
Түсімде көрем алқызыл,
Алаулаған қалпыңды.
Әкесі әскер сансыз ұл,
Асқақтатар даңқыңды.
Сарбаздың сары жез түймесін,
Аялай сипап, ағыттың,
Даңғылға салдың күймесін,
Бекемдеп бейбіт уақыттың.
Құрсанған қару құрыштан,
Тасыр тақтан тайған күн.
Сүйінші сұрап Ұлыстан,
Қуаныш құшақ жайған күн.
Олжасы боп Отанның,
Қанжығасына байладың.
Өзіңнен ұшқын от алдым,
Адуындым, айбарлым!
Солқылдай соққан тамыры,
Мерейі асқақ мамыры,
Айналдым сенен, айналдым!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері