Жәркен шайырдың шабыты

Бұл бетте «Жәркен шайырдың шабыты» атты Ұларбек Нұрғалымұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бауырым көшіп келгенмен,
Жайырым көшіп келмейді-ау!
(Ж.Бөдешұлы)

Алматы. Ымырт түнеген,
Жымиып күлді жыр-емен.
Шырақтар жұтқан көшеге,
Шырмалып тұрды бір өлең.

Жып-жылы жырға емделер,
Кеңістік кербез тербелер.
Сабылып жатты төменде,
Шаруа басты пенделер.

Толқындап тұрған өлеңді,
Толқып қап еді жел енді.
Көзінен көктем шашылып,
Бақтарды бойлай жөнелді.

Құбылып тұрған гүлдерге,
Құнығып кетті ол бірдемде.
Бұрылып кетті бір ару,
Бұрымын ұстай бергенде.

Тата алмай тәп-тәтті уызды,
Қайыңнан қайта үзілді.
«Жасыл арша екен»-деп барып
Жасанды шыршаға ілінді.

Жұптарға бақта сергіген,
Барып еді енді, ол бірден.
Сүйісіп кетіп екеуі,
Ығысып қалды ернінен.

Сенделді өлең манадан,
Жүрегі сыздап жарадан.
Таппасын сезді-ау керегін,
Көшеден,
Бақтан,
Қаладан.

Қырсыққа кез боп не түрлі,
Өкінді ме өлең? Өкінді.
Орындықтағы бір қарттың,
Қасына келіп отырды.
Жарқ етіп кенет ақ таңда,
Шың етіп миы, аһ, тәуба!
Өзегін бір ой қақ жарып,
Атылып шықты ол аспанға.

Қылыштай болып ақ берен,
Найзағайлы ойнап отпенен;
Бұлттарды бүріп бұйыққан,
Тауларды басып иықтан;
Жер мен де заулап көкпенен,
Шыңдардан асып көктайғақ,
Перідей жалт-жұлт кетті ойнап;
Орманды барлық шулатып,
Даланы барлық жырлатып,
Аңырақай мен Алтайға
Қартайма! Деді ол, қартайма!
Үйіріп жасын жанарға,
Қол бұлғап қалды олар да.
Шөлдерде қалған қаңырап,
Күмбезге сәуле жамырап.
Жайырға барып жетті өлең,
Жанары күндей жадырап.

Ғажап-ау, ғажап бұл мекен!
Гүл екен, әттең, жыр екен!
Кіндігі қалған қыратқа,
Тобылғы көктеп тұр екен.

Көзінен шашып көктемді,
Жететін жерге жетті енді.
Сол тобылғының түбіне

Сіңді де өлең, жоқ болды.

Қорықпай ма екен, құдай-ау,
Көрсетер оған кім аяу?
Астына жердің барған соң,
Кіндігін ұстап алған соң,
Көтеріп алып Жайырын,
Көшкісі келген шығар-ау!..

Алатау жатыр тосып күн,
Рахатын аңсап несіптің,
Есін жиды өлең, ақыры,
Алдына келіп есіктің.

Ұйқыда бәрі - жәннаты,
Естімейді өлең жан датын.
Шашылып шашы, көйлегі,
Ашылып жатыр Алматы...

Кіргісі келмей тар үйге,
Сыйғысы келмей фәниге,
«Бірге екенмін» деп кімменен?
Жұлдызға қарап тұрды өлең.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері