Заман сол бұрынғы

Бұл бетте «Заман сол бұрынғы» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Мұқағалиға.

Заман сол бұрынғы
Тұрқында тас бауыр.
Жаналғыш жырынды –
Талантқа тосқауыл.
Әкімі – сол әкім,
Әкіреңдеп болатын.
Ақыны – қор ақын,
Көктемей солатын.
Зар қалпы талайғы,
Түгі жоқ өзгерген.
Жүрегім қарайды
Сұп-суық сөздерден.
Жаныңа дерт еккен
Зұлымдық ақ самай –
Жалғызын мерт еткен
Грозный патшадай.
Солына, оңына
Жемініп, емініп,
Ерткені соңына –
Жандайшап жөгілік.
Өмірі өтірік –
Сұрқия түрінде:
Өлген соң өкіріп,
Жекініп тіріңде.
Бағынан безінген
Кем нәсіп кең өлкем.
Бүгінде өзімнен
Озады көлеңкем.
Жабы-иті жүйріктей
Түседі алдыма –
Кісенге илікпей,
Көндікпей қарғыға.
Түсінбей ұғынып,
Хас надан «зиялы» –
Тасаңа тығылып,
Тамырымды қияды.
Күшейді қиянат,
Қысастық салқыны –
Зердеме ұялап
Абайдың алтыны.
Еңбегі ердің еш,
Халық та – сол халық –
Селт етіп, сергімес,
Қомданып, қорғанып.
Құрдымдай құзары,
Ел іші – былғанып –
Қалыбын бұзады,
Қасіреті ұлғайып.
Ызалы аш құлдай,
Алайып көздері –
Жаралы қасқырдай
Жанкешті кездері.
Бір-бірін күндеген
Не айтарсың қазаққа –
Түйедей жүндеген
Айналдым мазаққа.
Жүз-жүзге бөлініп,
Алшақтап арамыз –
Жегіге желініп,
Жерұйық даламыз.
Топ құрып – барымыз –
Билігі қолында –
Төгілді арымыз
Қаділдік жолында.
Кіріптар кірмеге
Тірліктен күй кетті –
От қойды іргеме,
Ордамды күйретті.
Еге емен жеріме,
Ежелден есепті –
Шығады төріме,
Тіледі төсекті.
Көтертпес басымды
Ауырлық түскендей –
Ішеді асымды,
Қанымды ішкендей.
Доңыз дөй күшіне
Ақыл – күң, сана – құл.
Құдайлық ісіме
Қояды қарауыл.
Таяқ та – сол таяқ,
Әңгірдей ойнаған.
Миым – су-жалқаяқ,
Сорым да қайнаған.
Қорлық та баяғы
Өзіңіз көргендей –
Құртуға таяды,
Құр сүлдем – өлгендей.
Зорлық та күпініп,
Іседі, кебеді –
Бетіме түкіріп,
К..... тебеді.
Қайғы да тырнағын
Батыра салады –
Майгүлдей жырладым,
Мұнардай баланы.
Қиылды өркенім,
Кесілген тілдеймін.
Не болар ертеңім –
Білмеймін, білмеймін.
Түндеймін түнерген,
Жап-жарық ғаламда.
Болмасын білем мен,
Екі өмір Адамда.
Ініңді мойытқан,
Жасынды жай төніп.
Тірілсең ғайыптан,
Кетер ең қайта өліп:
Шаршадым, шатыстым,
Таппадым амалын –
Шығысым Батыстың
Жалайды табанын...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері