Көрдім дүние жарығын
Бұл бетте «Көрдім дүние жарығын» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Көрдім дүние жарығын:
Тудым...
Тәй-тәй...
Қаз бастым –
Оң-солымды таныдым –
Көктем аттап,
Жазға астым.
Тағдырым ба?!.
Не дейін:
Жар да құштым...
Ұл сүйдім –
Өлді Ол тосын...
Көмейін
Тығындардай тылсымның!
Жан-тәнімді алды дерт,
Тұншықты уға жүрегім.
Не себепті болды мерт –
Осы мен не білемін?!
Бұ жалғанға неліктен
Келгенімді білем бе?!
Әлде қысыр желікпен
Артымды құр түрем бе?!
Тамыр қуып, тек іздеп –
Көбейді ойдың аласы.
Міндетімді негіздеп
Білмеймін-ау, шамасы?!
Айнымаймын қаңбақтан,
Қайда мәңгі тұрақ бар?!
Қамалайды жан-жақтан
Қорқау, құныс сұрақтар.
Құлдық ұрып, бас идім
Жаратушы күшіне.
Жауап таппай жасимын:
Мендегі оның ісі не?!
Таңдай қақтым таң қалып,
Құпиясына енбедім –
Бостан-босқа сандалып,
Не ғып жүрген пендемін?!
Неге керек бекініп –
Кіммін?!
Немін?!
Білмедім!
Мүмкін, бәрі – өтірік:
Жылағаным, күлгенім?!
Келекесі ете ме –
Мағынасыз мазмұным?!
Ағып өтіп кете ме –
Аһ ұрумен аз күнім?!
Түсінбедім түгіне,
Айтыңдаршы,
Адамдар:
Өлім жетер түбіне –
Өміріңде не мән бар?!
Сол ма – медет-байлығым
Есен күйге қуанып,
Қосын жекпей қайғының,
Жыр жазғаным уанып?!
Көгерем деп қурамай,
Қалғанша құр сүлдерім –
Жез бұйдалы бурадай
Көш соңында жүргенім?!
Ыстығына күйгенім,
Суығына тоңғаным –
Есім кете сүйгенім,
Айнып бөздей оңғаным?!
Жиынып та терініп,
Алғаным мен бергенім?!
Жамандықтан жерініп,
Жақсылыққа ергенім?!
Шырт ұйқылы төсектен
Таң атпастан тұрғаным?!
Ғұмыр кешпей есеппен,
Һадал қызмет қылғаным?!
Естіп есер бұйрықты,
Еңбегімді еш қылып –
Қыса алмаған құйрықты
Алғандығым кестіріп?!
Билік қолда болғасын,
Түсін жүре жорытып –
Құлағыма қорғасын
Құйғандығы қорытып?!
Жел мен құзға жемініп,
Ашына шындық айтқаным?!
Жөгіге жексұрын көрініп,
Қажығаным, қайтқаным?!
Қайран қалып жұртыма,
Ысынып та суынып –
Ақ орданың сыртына
Шыққандығым қуылып?!
Қор боп күптей іскенім,
Зарлағаным құсанып...
Сосын көрге түскенім,
Тас-түнекке тұсалып?!
Алған демім шыққаны –
Бас айналтар Бақыт па?!
...Түйсінгенім –
Ұққаным:
Құл болмаңдар Уақытқа!
Жерің,
Жұлдызды Аспаның –
Әлем –
Тарын қуықтай.
Өмір – Өлім – Қас-Қағым,
Жадыңа тұт ұмытпай!
Қас-Қағымға бол адал –
Қаділдіктің дұрысы?!
Сау-тамтұқсыз жарадар
Тірліктің төрт бұрышы!
Заман ақырын басталған
Зарыққандай күтіне –
Қан тамып тұр Аспаннан
Жердің Ана Сүтіне...
Дүмшелікке байланбай,
Илан Хақтық-Сөзіме:
Құдіретіне қайрандай –
Құдайыңның өзі де!..
-
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі