Пенделікпен күй кештім

Бұл бетте «Пенделікпен күй кештім» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Пенделікпен күй кештім,
Бола алмадым пайғамбар:
Һадалыңмен үйлестім,
Һарамыңа – не айлам бар?!
Есесіне күйредім:
Қыршын кетті арлы жас –
Шоқ үстінде биледім,
Қайғым – тоқ та,
Қарным – аш.
Тұншығу қын түбінде –
Өлім – Ақын-Алмасқа!
Ез мәтіби Бүгінде
Ит боп тусам болмас па?!
Уһілеп үн қатқаннан,
Артық еді – үргенім –
Кісі өлтіріп ақталған,
Күнәһардай кірледім.
Анық өлшеп піштің бе,
Төрт құбылам түгел ме:
Сырғанап мұз үстінде,
Тұяқ қалмай тігерге –
Сорым қайнап өтуді,
Жазғаның ба маңдайға –
Бұрар күйген бетімді,
Солым қайда, оң қайда?!
Жүрегіме қарашы,
Тереңіме үңіліп –
Асқынып тұр жарасы,
Тірлігінен түңіліп!
Жоқпын ба мен, Бармын ба –
Соқырмысың, көрмісің:
«Иран-бағың – алдыңда,
Шыда, Ғайып!» – дермісің.
Десең – шыдап бағайын,
Шыдамайтын қалды нем?!
Зар-мұңымды шағайын,
Арттың жөнсіз алдымен.
Рас, сүйген құлыңа
Ауырыңды артасың –
Рахман-нұрыңа
Бөле – шерім тарқасын.
Батырма ұйық-күмәнға,
Жақсы көрме, Сен, жек көр:
Пар келетін Мұнарға,
Пәрмен берме, перзент бер?!
Кедей шағым – кер шағым,
Байлық берме, бала бер –
Жалғызымды аңсадым...
Сосын... жанымды ала бер!
Қара жаяу күс табан
Күнім таяу батуға –
Қасіретпен тыстаған
Қасиетің – Атыңда!
Құдіретіңде – бар ынта,
Қырын кезің – Әбілет!
Құдай болсаң – жарылқа,
Жарылқаудың қамын ет?!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері