Бар-жоғымды ескермей

Бұл бетте «Бар-жоғымды ескермей» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бар-жоғымды ескермей,
Құдай, бұлай дейтінім:
Тірі жанға дес бермей,
Таяғыңды жейтінім.
Ғұмыр кешкен тас бейне
Шайтан емен өлмейтін.
Душар болдым қас күйге –
Өзіме өзім сенбейтін.
Келекесі етті деп,
Кешір, кейде наламын –
Жерініп жер тепкілеп,
Көкке алайып қарадым.
Күн еңкейткен кештейін,
Түн қойынын ашпақшы –
Дос дегенім – ештейін –
«Басқа түссе – баспақшыл...»
Жер ортаға келгенше,
Арбап келген алаң ғып:
Көңіл жауы – көргенше –
Жар дегенім – жалаңбұт.
Фәниліктің парқы бұл,
Пендеден жоқ еш көмек:
Көр-бесікте марқұм ұл –
Жанбай жатып өшкен от.
Алма-ғайып – заманым,
Адамынан – безіндім.
Қалмаған соң амалым,
Хақтығыңды сезіндім.
Бордай тозып бекіген,
Бүкір бейіл шүкірмін.
Ақынына жекіген
Әкіміне түкірдім.
Өзің қайран қылмасаң,
Ғайыбыңды зат сана –
Кебісімді, шындасам,
Сүрткізбеймін Патшаға!
Табар жырым жалғасын,
Жұқтырмаймын арға кір:
Тақтан түсіп қалғасын,
Орыс та – бір,
Ол да – бір...
Тәнті қылды әмірің,
Жүр ем екі ұдай боп:
Табындырған Тәңірім,
Сенен басқа –
Құдай жоқ!
Жалғыз –
Құдай,
Хақ-Құдай!
Құлдығыңды қылайын?!
Сенен басқа –
Жоқ Құдай,
Болса –
Енесін ұрайын!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері