Шер-шеменім зорайып

Бұл бетте «Шер-шеменім зорайып» атты Иран-Ғайып жазған мұң туралы өлең берілген.

Шер-шеменім зорайып,
Көңілім көрдей қарайып –
Сергелдеңде сор кештім,
Соқа басым сорайып.
Бұрымдымды ерледім,
Тұлымдымды жерледім –
Қоя тұрмай Қу Құдай
Қайтып алды бергенін.
Мен – Өлімнің құлымын:
Ми сезбейді жұлынын.
Құлақ – мүкіс, көз – басыр,
Иіс алмайды мұрыным.
Өкпе амалсыз – дауылға,
Бел төзгісіз – ауырға.
Қол-аяғым қысқарды,
Өтім шауып бауырға.
Палуан-нәпсім пішпе боп,
Қуат – кемшін, күш те жоқ.
Тіл – икемсіз, толғауға –
Тигізбейді тіс көмек.
Осылғандай ойыным,
Мұқап, мүлдем мойыдым –
Күдік жалы күдірейіп,
Үзді үміттің мойынын.
Қара шашым қуарып,
Өң – сынық, жақ – суалып,
Отырамын балаша
Болмашыға уанып.
Безбүйректің бірі едім,
Арып, ашып, жүдедім.
Аузыма сөз түспейді,
Тек жүрегім, жүрегім...
Соғады Өмір құп көрсе,
Тағдыр жүндеп түткенше:
Жан мен Тәнім түгелдей,
Қашан –
Өліп біткенше!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері