Қысыр-қиял уызына қашпаған
Бұл бетте «Қысыр-қиял уызына қашпаған» атты Иран-Ғайып жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Қысыр-қиял уызына қашпаған
Жерік болдым –
Таза ден,
Пәк ділменен:
Бақыт тілеп есігім жоқ ашпаған,
Сордан қашып тесігім жоқ кірмеген!
Ғұмыр кештім
Бұ Дүниеге сия алмай –
Тайқы маңдай,
Тауқыметті баспенен! –
Жер-жексенмін,
Желкемді де қиярдай –
Басыр заман –
Түк естімес таскерең!
Тірі жанға артпан нала-өкпемді,
Туасы өзім – кінәлімін бәріне! –
Шекесінен қарап шенді-шекпенді,
Салсын, мейлі, іргелерін әріге!
Тайталасып,
Тұғырына мінгесіп –
Қарсы келмен құдіретіне Құдайдың! –
Күрмелумен,
Күрсінумен күн кешіп,
Егілемін,
Еңіреймін,
Жылаймын!
Діңкем құрып,
Сүлеледім,
Сірніктім –
Санам салқын тартты алтын жалатқан!
...Әу басында түбі шикі тірліктің,
Тәңір мені,
Тозағы үшін жаратқан!
Табыт – тағдыр-таланыма кезігіп,
Тажал тектес табиғатымды сезіндім –
Жебір шығып –
Дос-жарымнан безініп,
Жалғызымды жоғалтқан да – өзіммін!
Оң мен солын тонап,
Түгел жалмайтын,
Тексіз тылсым –
Мерт болатын егізі,
Алды-артында тігер тұяқ қалмайтын –
Менмін!
Маған тыныштық бер, негізі!
Тыныштық бер,
Түрпілеме,
Тиіспе,
Теріс бағып,
Түртпесін де түленің –
Тұлпар тұрқы
Қойдай қоңыр күйіске
Көнбейтұғын
Керталанның бірі едім...
Жөгі күлмей,
Жұмсақ сөйлеп,
Жеңіл кел,
Жөнсіз тергеп,
Тынысымды тарылтпа?! –
Жалған Құдай мен Дасанды Тәңірлер
Түсіре алмас Мені Пенде-Қалыпқа!
Түсіре алмас!
...Жан-жүректі жаралап,
Зарлай берме,
Сарнай берме, Өлеңім?! –
Қонақтаған бұтағымды аралап,
Өз түбіме өзім жетіп келемін!
Бұйрығына пейілім – күң,
Ынтам – құл,
Қайғым – қуаныш екендігін білдім мен:
Қинап-қинап
Шын Құдай мен Шын Тәңір
Жарылқайтын шығар,
Бәлкім,
Кім білген?!..
-
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі