Соғыс жайын сұра сен – Сырбай Мәуленов

Бұл бетте «Соғыс жайын сұра сен» атты Сырбай Мәуленов жазған соғыс туралы өлең берілген.

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 6396
Бүгін тарих — жыр әсем
Қара шаштар қар шалған,
Соғыс жайын сұра сен,
Мың өлімді қарсы алған
Солдаттар мен маршалдан!
Соғыс жайын сұра сен,
Махаббаттан ерте өлген,
Жанған бір кез аспаннан,
Ормандардан өртенген,
Жараланған тастардан!
Соғыс жайын сұра сен,
Азынаған желдерден,
Қан боп жүзген көлдерден,
Көп адамды құшақтап,
Жатқан сонау дөңдерден!
Соғыс жайын сұра сен,
Бітпей қалған жырлардан,
Жағылмаған шамдардан,
Шашылмаған нұрлардан,
Атпай қалған таңдардан!
Соғыс жайын сұра сен,
Отамалы оттардан,
Жайпап өткен жер үстін,
Соңғы атылған оқтардан
Шашуы боп жеңістің!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері