Қар

Бұл бетте «Қар» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған табиғат туралы өлең берілген.

Күнәсіз жерді таптап жүр
күнаһар адам
ой салар ма екен қылаудай
мына қар оған,
ақсүйек болсам дейді ол
бұратанадан.
сарайға барсам дейді ол
сыраханадан.
Аспанның астын аптап кеп
жауады ақ қар,
аққудың аппақ мамығы
ауаны қаптар,
мақамға мүлгіп, мұңды ойға
шомады бақтар,
арамза іс пен арам ой —
аллауа-акпар.
Үрметке киер үлдесін
жамылды мекен,
сұқтанып бейуаз пәктікке,
сабырлық етем,
қылшықсыз майдай ериді
кіршіксіз әлем, —
балалық шағын Құдай да
сағынды ма екен?!!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері